Үш адамның өмірін қиған кәсіпкердің отбасы марқұмның үйіне әкімді ертіп барып ақша ұсынған

30.03.2026 13:18 Арман Ермеков
Үш адамның өмірін қиған кәсіпкердің отбасы марқұмның үйіне әкімді ертіп барып ақша ұсынған
990
Коллаж Politico.kz

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі кәсіпкердің ата-анасы марқұмның үйіне ауыл әкімін ертіп барып өтемақы ұсынған, деп хабарлайды Politico.kz порталы BES.media-ға сілтеме жасап.

21 наурызда Әл-Фараби даңғылында Zeekr мен Mercedes көліктері бетпе-бет соғысып, үш адам қаза тапқан еді. Тергеу мәліметіне сүйенсек, Zeekr көлігін тізгіндеген 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак мас күйде жоғары жылдамдықпен қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кеткен.

Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жол апатының салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен Құмар есімді жолаушы қыз және оның құрбысы оқиға орнында мерт болды. Бұл қайғылы оқиға марқұмның құрбысы әлеуметтік желіде кінәліні жауапқа тартуды сұрап, әділ тергеу талап еткеннен кейін қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің мәліметінше, апаттан кейінгі күні Александр Пактің ата-анасы марқұмның туыстарына келіп өтемақы ұсынған.

Олар жалғыз келмей, қастарына бірнеше адамды, соның ішінде ауылдық округ әкімін ертіп келген. Алайда қаза тапқан қыздың отбасы кешірім беру туралы сөз болуы мүмкін еместігін айтып, қатаң ұстанымда қалды.

«Мені олардың өздері ғана келмегені таңғалдырды, туыстардың айтуынша жүргізушінің ата-анасы іс жүзінде ештеңе айтпаған, тек белгілі бір өтемақы сомасын ғана атаған», – деді адвокат.

Шекеев іске қатысты тағы бір күмәнді жағдайды мәлімдеді. Марқұмның анасы тергеушілерге жауап беру кезінде ішінде бірнеше автокөлік нөмірі бар пакетті көргенін және полиция бұл нөмірлер Zeekr көлігінен табылғанын түсіндірген.

Осыған байланысты адвокат дүйсенбі күні жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша тиісті құжаттар мен сұраулар жіберіп, табылған нөмірлердің қандай мақсатта пайдаланылғанын анықтауды жоспарлап отыр.

«Егер бұл нөмірлерді пайдалана отырып олар жарыс ұйымдастырған немесе өзге де құқық бұзушылықтар жасаған болса, онда бұл жай ғана абайсызда болған жазатайым оқиға ретінде қаралмауы тиіс», – деді Мейірман Шекеев.

Атышулы оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы қаласы полиция департаментінің сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасарын және әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшыларын қызметінен босатты. Сонымен қатар полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ведомство ішінде қызметтік тексеріс басталды.

Айта кетейік, осы оқиғалар тұсында дәл сол Әл-Фараби даңғылында тағы бір адамның өмірі қиылған еді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий