Үш бала мен әкесі ажал құшқан жол апаты бойынша алқабилер соты жаңа үкім шығарды

26.06.2026 12:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Үш бала мен әкесі ажал құшқан жол апаты бойынша алқабилер соты жаңа үкім шығарды
160
Фото: Ақтөбе облыстық ПД

Ақтөбе облысында тұтас бір отбасының өмірін қиған жол апаты үшін бұған дейін ақталып шыққан Қырғызстан азаматы қайта сотталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

2023 жылдың ақпанында Әйтеке би ауданындағы Самара-Шымкент тасжолында «Mitsubishi Montero Sport» пен «VOLVO» жүк көлігі соқтығысып, жеңіл көлікті тізгіндеген әйел аман қалғанымен, оның күйеуі мен үш кәмелетке толмаған баласы оқиға орнында көз жұмған болатын.

Бастапқыда тергеу орындары қайғылы оқиғаға отбасынан айырылған әйелді кінәлі деп танығанымен, ол сотта өз кінәсіздігін дәлелдеп, толықтай ақталып шықты.

Осыдан кейін іс жүк көлігін басқарған 33 жастағы Рамазан Инфуровқа қатысты қозғалып, Ақтөбеде өткен алқабилер сотында оның қорғаушылары тергеу барысында көптеген заң бұзушылықтар болғанын дәлелдеген соң, жүргізуші кінәсіз деп танылып, қамаудан босатылған еді. Алайда облыстық сот екі алқабидің біржақты шешім қабылдауы мүмкін деген күдікпен ақтау үкімінің күшін жойып, төрт адамның өліміне әкеп соққан іс басқа құрамдағы алқабилердің қарауына қайта жолданды.

Нәтижесінде 19 маусымда екінші рет өткен сот отырысында жаңа алқабилер жүк көлігінің жүргізушісін адам өліміне әкеп соққан жол жүру ережесін бұзды деп танып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан шектеу жазасын кесті. Жәбірленуші тарап 50 млн теңге моральдық және 500 мың теңге заңгерлік шығын сұрағанымен, сотталушы тек процессуалдық шығындар үшін 22 355 теңге және өтемақы қорына 51 750 теңге төлейтін болып, негізгі жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий