Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының тізгінін ұстаған Иманғали Тасмағамбетов қызметімен қош айтыспақ
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің үш жылдық қызмет мерзімі мәресіне жетті. Енді ұйымға мүше мемлекеттер оның орнын басатын жаңа басшының кандидатурасын бекітуі тиіс, деп хабарлайды Politico.kz.
Маңызды саяси шешім 27 қараша күні Бішкекте өтетін ауқымды жиында қабылданбақ. Қырғыз елінің астанасында Сыртқы істер министрлері, Қорғаныс министрлері және Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары бас қосып, бірлескен отырыс өткізеді. Дәл осы жиында ұйымның 2026-2029 жылдарға арналған жаңа Бас хатшысының кім болатыны талқыға салынбақ.
Басқосудың күн тәртібі тек кадрлық ауыс-түйіспен шектелмейді. Қатысушы тараптар қауіпсіздік саласындағы ең өзекті мәселелерді ортаға салады. Әсіресе, есірткінің заңсыз айналымы мен шекара асатын заңсыз көші-қонға қарсы күресті күшейту жайы назарда болмақ.
Жиын қорытындысы бойынша мүше мемлекеттердің ортақ ұстанымы көрініс табатын арнайы Декларация қабылданады деп күтілуде. Сонымен қатар, 2026 жылы ұйымға төрағалық ету кезегі Ресей Федерациясына өтетіні ресми түрде жарияланып, көрші ел өз басымдықтарын таныстырады.
Айта кетейік, жақында ғана, 31 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иманғали Тасмағамбетовті Ақордада арнайы қабылдаған болатын. Сол кездесуде Бас хатшы Президентке алдағы саммитке дайындық барысы туралы егжей-тегжейлі баяндап берген еді.
Иманғали Нұрғалиұлы – қазақ саясатындағы ауыр салмақты тұлғалардың бірі. Тәуелсіздік жылдарында ол Премьер-министр, Мемлекеттік хатшы, Президент әкімшілігінің басшысы сынды жауапты қызметтерді атқарды. Екі бірдей мегаполис – Алматы мен Астана қалаларын басқарып, Қорғаныс министрі және Қазақстанның Ресейдегі елшісі болғаны да көпшіліктің есінде. 2023 жылдан бері халықаралық ұйымның тізгінін ұстап келген саясаткер биыл желтоқсанда 68 жасқа толады.
Соңғы жаңалықтар