Ақтөбеде полицияның атын жамылып, қызды бопсалаған ер адам сотталды

Ақтөбеде полицияның атын жамылып, қызды бопсалаған ер адам сотталды
Фото: Бейнеден кадр

Ақтөбеде 37 жастағы Самат танысу қосымшасы арқылы танысқан қызды бопсалап, 95 500 теңгесін алған. Ол өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қыздың ақылы интимдік қызмет көрсететінін анасына айтып беремін деп қорқытқан, деп хабарлайды Politico.kz «Диапазонға» сілтемемен.

Самат қызға ақылы интимдік кездесу ұсынып, оның жалдамалы пәтеріне барған. Сол жерде қыздың әрекеті заңға қайшы екенін, оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және есепке қойылатынын айтқан. Сөзін нанымды ету үшін полиция формасымен түскен ескі суретін көрсеткен.

Қорыққан қыз алдымен қолма-қол 6 мың теңге беріп, сол күні қалған ақшаны бірнеше рет аударған. Осылайша Самат одан жалпы 95 500 теңге алған. Бұл соманы жинау үшін қыз таныстарынан қарыз алуға мәжбүр болған. Алайда Самат мұнымен тоқтамай, тағы 100 мың теңге талап еткен. Осыдан кейін қыз полицияға арыз жазған.

Сотта Самат кінәсін толық мойындап, жәбірленушіден кешірім сұраған. Қыз келтірілген шығынның толық өтелгенін, ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, соттан оны қатаң жазаламауды өтінген.

Сот осыны ескеріп, Саматтың бас бостандығын 2 жылға шектеді. Белгіленген талаптарды бұзса, жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Еске салайық, Саматты биыл маусымда бопсалау және жеке өмірге қол сұғу күдігімен Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған еді. Сол кезде полиция оның ұсталған сәтінің видеосын да жариялаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу