Яна Легкодимованың ісін тергеген тергеушінің қызметі өсіп, мерзімінен бұрын жаңа шен алды
Яна Легкодимованың өліміне қатысты істі тергеген тергеуші Темірхан Хажмұратовтың лауазымы өсіп, мерзімінен бұрын майор болды, деп хабарлайды POLITICO.
Атырау облысының полиция департаментінде қызметтік міндеттерін орындау кезінде ерекше кәсіби шеберлік пен ерлік танытқан қызметкерлерді марапаттау мақсатында салтанатты шара өткізілді.
Марапатталғандардың арасында арнайы маңызды істер бойынша аға тергеуші, полиция капитаны Темірхан Хажмұратов бар. Оған мерзімінен бұрын полиция майоры арнайы атағы берілді.
2024 жылы із-түзсіз жоғалған Яна Легкодимоваға қатысты аса ауыр қылмысты ашу кезінде тиімді жұмыс істегені үшін Темірхан Хажмұратовтың қызметтік дәрежесі өсті. Құқық қорғау органдарындағы қызметкерлер видеобақылау материалдарын зерттеп, ауқымды жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, екі күдіктіні анықтап, тергеуді толық аяқтады.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусымда Атырау облысынан табылған еді. 2024 жылдың 18 қазанында бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған. Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде «Р» деген біреуді атап өткен.
17 қарашада сот Янаны өлтірді деп айыпталған 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырды.
Соңғы жаңалықтар