Yandex Afisha сайтында қазақша әріптермен билет алу мүмкін болмай тұр

Yandex Afisha қызметінің қазақстандық нұсқасында есімінде қазақ әліпбиіне тән әріптері бар азаматтар билет сатып ала алмай отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Астана. 19 қазан. Редакциямыз afisha.yandex.kz сайты арқылы билет рәсімдеу барысында келеңсіз жағдайды байқады. Есімі мен тегінде қазақ әріптері бар пайдаланушылар билет сатып ала алмайды.
Кез келген шараға, мейлі ол театр, матч немесе ойын болсын, билет рәсімдеу кезінде деректерді толтыратын арнайы жолақ бар. Осы «Аты-жөні» жолағына мәліметті қазақша енгізгенде, жүйе мұндай әріптерді оқымай, «Аты-жөніңізді енгізіңіз» деген қызыл ескерту шығарып, деректерді қабылдамай қояды.
Бір қызығы, сайттың тілін қазақ тіліне ауыстырудың өзі бұл мәселені шешпейді, жүйе бәрібір ұлттық әріптерді қате санайды.
Редакциямыз аталған техникалық ақауға байланысты Yandex Qazaqstan компаниясына түсініктеме алу үшін ресми сауал жолдады. Yandex Afisha қолдау қызметі мәселенің барын растады.
"Шешімін іздеп жатырмыз, бірақ бұған біраз уақыт қажет болады", - делінген компания жауабында.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін желі қолданушылары дәл осындай келеңсіздікке Freedom Ticketon сайтында да тап болған еді. Сол кезде аты-жөнінде қазақ әріптері бар жанкүйерлер «Қайрат» пен «Реал Мадридтің» тарихи ойынына билет ала алмай қалған болатын.
Соңғы жаңалықтар





