"Заманның дерті": Президент Тоқаев нашақорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды

13.08.2025 15:24
0
157
Сурет: Ақорда

Бүгін, 13 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің нашақорлыққа (наркотизмге) қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған отырысы өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Мемлекет басшысы бұл кеселдің таралуы ұлт саулығы мен болашағына төнген үлкен қатер екенін атап өтіп, жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Жиында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов баяндама жасады.

Президент өз сөзінде бұл мәселені жай ғана есірткіге тәуелділік деп қарастыру жеткіліксіз екенін баса айтты.

– Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы есірткіге тәуелді жандардың көбі қоғамның сөзінен, жариялылықтан қорқып, өз проблемасын жасыратынын, соның салдарынан емдеу-сауықтыру шараларымен толық қамтылмай отырғанын сынға алды. Ол мемлекеттік саясаттың екі бағытта жұмыс істеуі керектігін атап өтті: есірткіге тәуелділерге көмек көрсету және кеңшілік таныту, ал есірткі сатушыларға қатаң болып, мүлде төзбеушілік таныту.

Президент жастар арасында есірткінің насихатталуына жол бермеуді қатаң тапсырды. Ол интернетте және медиакеңістікте тыйым салынған заттар мен ішімдікті дәріптейтін жағымсыз үрдістің белең алғанын айтты.

«Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек», – деді Президент.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылды, есірткі сататын орындар мен зертханалардың иелерін анықтау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ күмәнді қаржы операцияларын бақылауға алуды жүктеді.

Жиын соңында Президент бұл індетке қарсы күреске бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін айтып, Үкіметке, өңір әкімдеріне және жауапты органдарға нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күрес шараларын күшейту жөнінде нақты міндеттер қойды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий