Заң шығару құқығы тек Құрылтайға берілді - жаңа ережелер қалай жұмыс істейді
Астанада өтіп жатырған Құрылтай отырысында заң шығару құқығы тек осы палатада іске асырылатыны мәлім болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутат Снежанна Имашева жаңа Регламент жобасын қабылдау кезінде құжаттарды қараудың үш кезеңдік жүйесін таныстырды.
«Заң шығару процесі - Регламенттің ең ауқымды әрі мазмұнды бөліктерінің бірі. Жобада заң жобасының Құрылтайға енгізілген кезінен бастап заң қабылданғанға дейінгі бүкіл өту жолы толығымен реттеледі. Заң шығару бастамасы құқығы тек қана Құрылтайда іске асырылады. Заң жобасы тіркелгеннен кейін Бюро оны бас комитетке жібереді. Бас комитет жұмыс тобын құрып, заң жобасының одан әрі пысықталуын ұйымдастырады. Заң жобасы үш оқылымда қаралады. Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдар бұған жатпайды. Мұндай жобалар екі оқылымда қаралады», – деді Снежанна Имашева Құрылтайдың жалпы отырысында.
Депутаттың айтуынша бірінші оқылымда құжаттың мақсаттары мен міндеттері талқыланады. Оны қабылдаудың ықтимал әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары сарапталады. Осыдан кейін барлық түзетулер егжей-тегжейлі пысықталады. Жұмыс тобы мен бас комитет оларды жинақтап, салыстырма кестеге енгізеді. Екінші оқылымда осы ұсынылған түзетулер қаралады.
«Екінші оқылымда мақұлданған жобаның құқықтық мазмұнын өзгертетін түзетулер қаралмайды. Түзетулермен жұмыс істеу тәртібі де жеке реттелген. Жобада депутаттардың, комитеттердің және фракциялардың түзетулер енгізу тәртібі, салыстырма кестелерді дайындау, түзетулерді жұмыс тобы мен бас комитетте қарау рәсімдері белгіленген. Сонымен қатар Құрылтайда қаралып жатқан заң жобаларына Үкіметтің ұсыныстарын қараудың арнайы тәртібі көзделген. Комитет ұсыныстарды қарап, оның қорытындысы бойынша оларды салыстырма кестеге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдауға тиіс. Бұл, бір жағынан, жедел заңнамалық ден қою мүмкіндігін сақтап қалу, ал екінші жағынан - заңнамалық бастаманың белгіленген рәсімін алмастыруға жол бермеу үшін өте маңызды», – деді депутат.
Үшінші оқылым Құрылтайдағы заң шығару рәсімін қорытындылайды. Бұл кезеңде құжатты Конституцияға сәйкестендіру ғана жүргізіледі. Ішкі қайшылықтар мен редакциялық қателер түзетіледі.
Жаңа ережеге сәйкес бастамашы заң жобасын кез келген кезеңде қайтарып ала алады. Регламентте өтініштер немесе мәлімдемелер сияқты заңнамалық емес актілерді қабылдау тәртібі де қамтылған.
«Сонымен бірге Регламент Құрылтайдың Конституцияда көзделген лауазымды адамдарды тағайындауға Президентке келісім беру, Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және қызметтен босату, сондай-ақ Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмаушылықтан айыру жөніндегі өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібін айқындайды. Тиісті ұсынымдар мен кандидатураларды енгізу және қарау, оларды талқылау, дауыс беру және Құрылтай шешімдерін қабылдау рәсімдері белгіленеді», – деді Снежанна Имашева.
Соңғы жаңалықтар