Зеленский: Украина келіссөздерге дайын, бірақ АҚШ пен Еуропа қатысуы керек

Зеленский: Украина келіссөздерге дайын, бірақ АҚШ пен Еуропа қатысуы керек
05.02.2025 14:05
0
316
Reuters/РИА «Новости»
Зеленский Ресеймен келіссөздер өткізуге дайын екенін мәлімдеді

Украина президенті Владимир Зеленский Украина Ресеймен үш жылға жуық созылған қақтығысты аяқтау үшін келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZReuters агенттігіне сілтеме жасап.

Зеленскийдің айтуынша, келіссөздерге Украинамен бірге АҚШ пен Еуропа елдері де қатысуы тиіс.

«Егер адамдар біз дипломатиялық жолға көшуіміз керек деп есептесе, мен де Украина дипломатиялық жолды таңдауға дайын деп санаймын. Бұл келіссөздерде АҚШ, Еуропа, Украина және Ресей болуы керек», — деді Зеленский британдық журналист Пирс Морганға берген сұхбатында.

Ол Ресей президенті Владимир Путинмен тікелей кездесуді Украинаның бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы жалғыз тиімді нұсқа деп есептейтінін айтты.

Кремль әзірге төртжақты келіссөздер өткізуге дайын емес екенін мәлімдеді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Зеленскийді «легитимді емес» көшбасшы деп атады.

Зеленский Ресейдің бұл мәлімдемесіне жауап ретінде өзінің 2019 жылы 73% дауыспен сайланғанын еске салды.

«Соғыс жағдайында сайлау өткізу үшін Конституцияға өзгерістер енгізу қажет. Сонымен қатар, соғыста жүрген сарбаздар қалай дауыс береді? Оккупацияланған аймақтардағы украиндардың дауысы маңызды емес пе?» — деді Зеленский.

Ол сонымен бірге Ресейге қарсы санкциялық қысымды әлсіретпеу керектігін айтты.

Украина президенті қақтығыстың үш жылында екі тараптың шығындары туралы деректерді алғаш рет жария етті. Оның айтуынша, Украина 45 100 сарбазынан айырылған, 390 000 адам жараланған. Ресейдің шығыны 350 000 адам деп бағаланып отыр.

Сондай-ақ Зеленский Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері қажет екенін атап өтті.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или