Жамбыл облысында әкесін өлтірген ер адамға қатысты сот шешімі шықты

11.03.2026 21:38 Қарақат АСЫЛОВА
Жамбыл облысында әкесін өлтірген ер адамға қатысты сот шешімі шықты
282
Ашық дереккөздерден
Психиатриялық диагноз сот шешімін өзгертті

Жамбыл облысында әкесін өлтірді деп айыпталған ер адамға қатысты сот үкімі жарияланды. Қайғылы оқиға өткен жылдың тамыз айында Жуалы ауданына қарасты Бауыржан Момышұлы ауылында болған, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеу мәліметінше, сол күні әке мен ұлы үйде бірге болған. Әкесі ұлын қайтадан Тараз қаласындағы психоневрологиялық диспансерге емделуге жіберетінін айтқан. Бұған дейін жас жігіт психиатрлардың есебінде тұрған және екінші топтағы мүгедектігі болған.Бұл сөзден кейін олардың арасында жанжал туындап, дау ушыға түскен. Әкесі ұлын сабырға шақырып, сыртқа шығып кеткен. Алайда ашуға булыққан жігіт асүйдегі пышақты алып, әкесінің артынан шыққан. Ол әкесіне бірнеше рет пышақ сұғып, ауыр жарақат салған. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Оқиғадан кейін күдікті әкесінің денесін ауладағы жазғы асүйге апарып, қабырғаға отырғызып қойған.Сол күні кешке үйге күдіктінің әпкесі келген. Ол әкесін таппай, үйден қанға ұқсас дақтарды байқайды. Алайда інісі оның мұрнынан қан кеткенін айтып, күмәнді сейілтуге тырысқан.Келесі күні ғана ол әпкесіне әкесін өлтіргенін мойындаған. Әйел мәйіттің қайда екенін сұрағанда, ер адам жазғы асүйді көрсеткен. Сол сәтте ол пышақты өзіне тақап, қайтадан психиатриялық ауруханаға жатқысы келмейтінін айтып, өмір сүргісі келмейтінін жеткізген. Қорыққан әпкесі оны сабырға шақырып, көмек шақырған.

Оқиға орнына келген дәрігерлер жазғы асүйден қабырғаға сүйеліп отырған күйдегі ер адамның денесін тапқан. Сараптама оның кеуде тұсы мен ішкі органдарына салынған көптеген пышақ жарақатынан, жаппай қан жоғалтудан көз жұмғанын анықтады.

Кейінгі тергеу барысында айыпталушының ауыр психикалық дертке шалдыққаны белгілі болды. Мамандар оған мидың органикалық зақымдануы мен параноидты шизофрения белгілері бар ауыр психикалық бұзылыстар диагнозын қойған. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, қылмыс жасаған сәтте ол өз әрекетінің мәнін және қоғамға қауіптілігін түсіне алмаған.

Осыған байланысты сот ер адамның әкесін өлтіргенін мойындағанымен, оны есі дұрыс емес күйде болған деп таныды. Сондықтан ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.Сот шешімімен ер адам күшейтілген бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарға мәжбүрлі емдеуге жіберілді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий