Жамбылда жігіт қызына жұмсаған ақшасын қайтармақ болып сотқа жүгінді
Жамбыл облысында ер адам бұрынғы сүйіктісіне жұмсаған 2,5 млн теңгені сот арқылы даулап, жеңіліп қалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Жамбыл облыстық соты мәлімдеді. Белгілі болғандай, Қордай аудандық сотында 2 адамның арасындағы қаржылық дау қаралған. Ер адам отбасын құру ниетімен бір келіншекпен 4-5 ай бойы жақын қарым-қатынаста болып, оған және 2 баласына қаржылай көмектесіп тұрған.
Олардың байланысы үзілген соң, жігіт жұмсаған барлық қаражатын қайтаруды талап етеді. Алайда келіншек ақшаны беруден бас тартып, жігітті бұғаттап тастаған. Осыдан кейін ер адам сотқа жүгініп, 2,5 млн теңге көлеміндегі шығын мен мемлекеттік бажды өндіріп беруді сұрайды.
Сот отырысында әйел бұл талапты мойындамай, ер адамның дәрі-дәрмек пен киім-кешекке ақшаны өз еркімен бергенін айтты.
«Сот ақшаны талап қоюшының өз еркімен аударғанын және өтеусіз материалдық көмек сипатында болғанын анықтады. Қайтарымдылық не тараптар арасында шарттық міндеттемелердің болуы шарттарында ақша берудің дәлелі берілген жоқ», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Осылайша істі қараған судья ақшаның ешқандай келісімшартсыз берілгенін ескеріп, шағымды қанағаттандырудан бас тартты.
Соңғы жаңалықтар