Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – «Заң мен Тәртіп»

01.07.2026 12:16 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – «Заң мен Тәртіп»
69
Фото: Ақорда

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституция талаптарын іске асыру аясында қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында жауапты министрлерге бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында үкімет басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталып, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын барынша күшейту қажеттігін алға тартты. Осы орайда ол Ішкі істер министрлігіне арнайы ведомствоаралық комиссияның әлеуетін толық пайдалана отырып жұмыс жоспарын шұғыл түрде жаңартуды жүктеді.

«Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі Заң мен Тәртіп. Оны іске асыру аясында заңдылықты нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттары нақты көзделген. Құқық бұзушылық профилактикасы мәселелеріне басымдық беру керек. Ол үшін Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бар әлеуетін жұмылдыру қажет. Ішкі істер министрлігіне Комиссияның жұмыс жоспарын жаңартуды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.

Мұнымен қоса премьер-министр әлеуметтік саладағы жұмыстардың тиімділігін арттырып, мемлекеттік көмекті тек шын мұқтаж азаматтарға бағыттаудың маңыздылығын ескертті. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып жалғастыру міндеті Еңбек министрлігіне тапсырылды.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, әлеуметтік сала мұқият ойластырылған әрі барынша тиімді болуға тиіс. Жалпы, елімізде әлеуметтік көмектің көп деңгейлі және атаулы жүйесі қалыптасқан. Көмек шынымен мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Мемлекеттің барлық базалық әлеуметтік кепілдіктері сақталады. Еңбек министрлігі цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жүйелі жұмысты жалғастыруы қажет», – деді үкімет басшысы.

Жалпыұлттық референдумнан кейін жаңа мемлекеттік институттардың қызметі мен Құрылтай сайлауын өткізу үшін қажетті құқықтық негіз толық жасалғанын еске салған премьер-министр ендігі кезекте бүкіл заңнамалық базаны жаңа Конституцияға сәйкестендіру қажеттігіне назар аударды. Осы мақсатта бірқатар заңға тәуелді актілерді қабылдау және қолданыстағы құқықтық нормаларды жетілдіру жұмыстарын үйлестіру Әділет министрлігіне міндеттелді.

«Жаңа Конституцияның нормаларын нақты жүзеге асыратын ең жауапты кезең басталып отыр. Оларды тиімді жүзеге асыру, құқық үстемдігі қағидаттарын нығайту және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысына байланысты. Жалпыұлттық референдум өткеннен кейінгі айларда жаңа мемлекеттік институттардың қызметі, Құрылтай сайлауын өткізу және негізгі конституциялық реформаларды іске асыру үшін қажетті құқықтық негіз құрылды», – деді Премьер-министр.

Войдите, чтобы оставить комментарий