Жаңа оқу жылы басталғалы 69 оқушы есірткі қылмысы бойынша ұсталған

20.09.2026 16:28 Қарақат АСЫЛОВА
Жаңа оқу жылы басталғалы 69 оқушы есірткі қылмысы бойынша ұсталған
276
Фото: Politico.kz

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғалы бері кәмелетке толмағандар арасында есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, оқу жылы басталғаннан бері еліміздің мектептері мен басқа да білім беру ұйымдарында 16 мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізілген. Оның 5 мыңнан астамы педагогтер, психологтар және нарколог дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылған.

Осы кезеңде есірткі қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен 69 кәмелетке толмаған ұсталған. Олардың 40-ы есірткі заттарын өткізді деген күдікке ілінсе, 27 жасөспірім аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен ұсталған. Тағы екі кәмелетке толмаған бала есірткіні жарнамалау және насихаттау фактілері бойынша жауапқа тартылған.

Ұсталғандардың арасында 52 ұл бала және 17 қыз бар.

Полиция ата-аналарға жасөспірімнің мінез-құлқындағы өзгерістерге мұқият назар аударуға кеңес берді. Атап айтқанда, баланың күтпеген жерден ақшаға немесе қымбат заттарға ие болуы, телефон мен хат-хабарларын ерекше жасыруы, сондай-ақ күмәнді нысандардың суреттерін сақтауы алаңдататын белгі болуы мүмкін.

Сонымен қатар ата-аналар баланың араласатын ортасына, бос уақытына және интернеттегі белсенділігіне көңіл бөлуі қажет. Полиция әлеуметтік желілердегі жазылымдары мен мессенджерлердегі қарым-қатынастарына назар аударуға шақырды.

ІІМ есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік Қазақстанда 16 жастан басталатынын еске салды. Ведомство ата-аналарды балаларға құқықтық тәрбие беруге және күмәнді жағдайлар байқалған кезде дер кезінде әрекет етуге шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий