Жаңа жыл қарсаңында мектеп мұғалімдеріне қомақты сыйақы беріле ме?

27.12.2025 16:22 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
Жаңа жыл қарсаңында мектеп мұғалімдеріне қомақты сыйақы беріле ме?
0
253
Фото: ашық дереккөз

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мұғалімдерге Жаңа жыл мерекесіне орай жаппай сыйақы төлеу мәселесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды politico.kz Malim.kz сайтына сілтеп.

Комитет төрағасының айтуынша, мемлекеттік мерекелер қарсаңында төленетін сыйақылар орталықтандырылған түрде қарастырылмайды. Мұндай төлемдер тек әр білім беру ұйымының жылдық бюджетінде үнемделген қаражат есебінен ғана берілуі мүмкін. Әсіресе басқару формасы өзгеріп, шаруашылық жүргізу құқығына ие болған мектептерде бұл тәжірибе жиі кездеседі.

"Бізге келіп түскен ақпаратқа сәйкес, кейбір мектептерде әр мемлекеттік мейрам алдында педагогтерге белгілі бір көлемде сыйақы беріліп отыр. Алайда ол қаражат тек мектеп бюджетінде қалған үнем есебінен ғана төленеді", – деді Қаныбек Жұмашев.

Сонымен қатар ол мұғалімдердің мерекелік сыйақы алуы әр аудан мен қаланың қаржылық мүмкіндігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, білім беру саласында вертикальді басқару жүйесі қалыптасқан: мектептер аудандық білім бөлімдеріне бағынады, ал олар өз кезегінде облыстық басқармаларға есеп береді. Әр аудандық білім бөлімінің бюджеті жеке бекітіледі.

"Елімізде шамамен 8 мың мектеп бар, олардың қаржысы 220 аудандық білім бөлімдері арқылы жоспарланады. Сондықтан сыйақы мәселесі сол аудан немесе қаланың бюджет кірісіне байланысты. Қаржысы жеткілікті өңірлерде мектептерге қаражат тең бөлінсе, педагогтердің сыйақы алу мүмкіндігі де жоғары болады", – деді комитет төрағасы.

Осылайша министрлік өкілі мұғалімдерге мерекелік сыйақы төлеу бірыңғай міндет емес екенін, бұл мәселе жергілікті бюджет мүмкіндіктеріне қарай шешілетінін нақтылады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий