Жәнібек Әлімханұлы «Канелоға» қарсы жекпе-жекке қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстандық боксшы, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мексикалық жұлдыз Сауль "Канело" Альвареспен жұдырықтасу үшін салмақ ауыстыруға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы қазақстандық боксшы Instagram желісіндегі парақшасында жазды. Әлімханұлы мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасу басты мақсаттарының бірі екенін жеткізді.
«Жәнібек - Канело! Бұл жекпе-жек - менің мақсатым. Мен суперорта салмаққа көтерілуге дайынмын. Көптеген жанкүйер де бұл кездесуді көргісі келетініне сенімдімін», - деп жазды Жәнібек.
Қазір Әлімханұлы орта салмақта өнер көрсетеді. Ал «Канело» Альварес негізінен суперорта салмақта жұдырықтасады. Сондықтан бұл жекпе-жек өтуі үшін қазақстандық боксшы 72,6 келіден 76,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне көтерілуі қажет.
Айта кетейік, 2026 жылдың басында WBO Жәнібек Әлімханұлын мельдонийге қатысты оң допинг сынамасынан кейін бір жылға жарыстардан шеттеткен. Соған қарамастан ұйым қазақстандық боксшының чемпиондық белбеуін сақтап қалды. Ал IBF өз ережесіне сәйкес Әлімханұлын чемпиондық атағынан айырған болатын.
Бұған дейін Жәнібек рингке қайта оралып, шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін WBO титулын қорғауға ниетті екенін мәлімдеген.
Ал Сауль «Канело» Альварестің келесі жекпе-жегі 2026 жылдың 12 қыркүйегіне жоспарланған. Ол Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында француз боксшысы Кристиан Мбиллимен кездеседі. Жекпе-жек суперорта салмақта өтеді.
Соңғы жаңалықтар