«Жан-жақты ағарту жұмысын жүргізуі керек»: президент жұрттың сауатын арттыру мәселесін көтерді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды POLITICO.KZ..
Президент жұрттың қаржылық, ақпараттық, цифрлық және басқа да саладағы сауатын арттыру мәселесін көтерді.
«Ғалымдар әрдайым жасампаздық жаршысы болуға тиіс. Қазір әлеуметтік желі арқылы халыққа ақыл айтатындар көбейіп кетті. Олардың арасында жалған ақпарат таратып, жұртты адастыратын адамдар аз емес. Осындай санасыз, пиғылы арам адамдардың теріс ықпалына түсіп, кейбір жастар ғаламторда неше түрлі өсек немесе халықты арандатуды көздейтін материалдар жаза бастады. Бірақ осы жерде бір мәселе бар. Тиісті мекемелер заманауи технологияларды пайдалана отырып, осындай деструктивті жазбаларды жазатын адамдардың аты-жөнін, тұратын жерін, бәрін анықтап алып жатыр. Олар жас болғаннан кейін әзірге түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Бірақ мұндай әрекеттер жалғаса берсе, тиісті мекемелер Заң мен тәртіп тұжырымдамасын орындау үшін басқа шара қолдануға мәжбүр болады. Мұндай сәтте ғалымдар үнсіз қалмауы керек, жастар арасында, жалпы қоғамда жан-жақты ағарту жұмысын жүргізуі керек. Үкімет пен әкімдердің қызметінде олқылық мүлдем жоқ деп ешкім айтпайды, бірақ олар туралы пікір айтқан кезде халықты арандатпай, қоғамды шулатпай, салмақты және саналы пікір айту қажет. Еліміздің тұрақтылығы, бұл – ең маңызды басымдық. Кез келген мәселе жайлы қоғамдық пікір білікті мамандардың көзқарасы негізінде қалыптасуы керек», – деді Президент.
Соңғы жаңалықтар





