Жақсылық Омар 6 жылға сотталды
Өскемен қаласының соты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарды алаяқтық жасады және пара алды деп тауып 6 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот отырысында прокурор сұраған жазаны толық қолдаған судья шенеуніктің заңсыз жолмен алған Toyota көлігін тәркілеу мен өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру туралы үкім шығарды.
Үкім оқылмас бұрын айыпталушы соттан жазаны айыппұлмен алмастыруды сұрап, қарызға батса да оны толық төлейтінін мәлімдеген болатын.
Іс материалдары бойынша бірінші қылмыс Жақсылық Омар Өскемен қаласын басқарып тұрған кезде болған. Ол қала тұрғынынан жергілікті кәсіпорынға көмек ретінде 2021 жылы шыққан Toyota Camry 75 көлігін алдыртып, кейін оны басқа адамның атына рәсімдеу арқылы өзі мінетін жаңа модельге айырбастап үлгерген. Жәбірленушіге 13 миллион теңге шығын келгенімен, ол сотта барлық қаражаттың өтелгенін айтып ешқандай шағым түсірмеді.
Екінші эпизод биыл ақпан айында тіркеліп, онда шенеунік әкімдік қызметкерінен 20 миллион теңге сұраған. Бұған күдіктенген қызметкер Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағымданып, арнайы операция кезінде күдіктіге делдал арқылы 6 миллион теңге берілді. Тінту барысында оның үйі мен жұмысынан 5,6 миллион теңге табылды.
Шенеуніктің тұтқындалғаны туралы ақпарат ақпан айында тараған кезде облыстық әкімдік оны денсаулығына байланысты демалысқа шықты деп мәлімдеген еді. Алайда бір аптадан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның ұсталғанын ресми түрде растады.
Саяси қайраткер Бекболат Тілеуханның жиен күйеу баласы саналатын Жақсылық Омар 1980 жылы Талдықорған облысының Үшарал ауылында туған. Ол 2018–2024 жылдары Өскемен қаласының әкімі болып, ал 2025 жылдың 7 сәуірінен бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Соңғы жаңалықтар