Жемқорлық 70%-ға азайды: Министрлік

09.04.2026 17:09 Арман Ермеков
Жемқорлық 70%-ға азайды: Министрлік
202
Денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық 3 жылда 70%-ға төмендеді|ЖИ арқылы жасалған сурет

Астанадағы ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта өткен жиында денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың 3 жылда 70 пайызға төмендегені мәлім болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Биыл 8 сәуір күні Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері арнайы кездесіп, саладағы жемқорлықтың алдын алу мәселесін талқылады.

Жиынға агенттіктің Астанадағы департамент басшысының орынбасары Б. Балғабеков пен бас маман А. Айтуева және министрлікке қарасты департамент директоры Б. Бекбатыров қатысты.

Олар медицина саласындағы ашықтықты арттырып, жемқорлыққа мүлдем төзбеу қағидатын қалыптастыру жолдарын сөз етті. Министрлік өкілдері қазіргі уақытта жағдай тұрақты бақылауда екенін және бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтиже беріп жатқанын алға тартты.

Мәселен, 2023 жылы салада жемқорлық бойынша 11 үкім шықса, 2024 жылы 13 құқық бұзушылық тіркелген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш небәрі 3 фактіге дейін қысқарған.

«Осылайша, 2025 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының саны 2024 жылмен салыстырғанда 76,9%-ға, ал 2023 жылмен салыстырғанда 72,7%-ға төмендеді. Бұл соңғы үш жылда саладағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің 70%-дан астам көрсеткішке азайғанын көрсетеді», - деп хабарлады ведомство.

Министрлік бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды әрі қарай жалғастыратынын жеткізді. Олардың сөзінше мұндай қадамдар медициналық қызметтің сапасын арттырып, халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайта түседі.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий