Алматыда жол опырылып, көліктер шұңқырға түсіп кетті: әкімдік не дейді?

05.10.2026 • 14:06 Әсел МҰРАТ
Алматыда жол опырылып, көліктер шұңқырға түсіп кетті: әкімдік не дейді?
228
Фото: видеодан скрин

Алматыда жаңбырдан кейін негізгі даңғылдардың бірінде жол опырылып, көлік қозғалысы қиындады, деп хабарлайды Politico.kz.

Желіде тараған ақпарат бойынша түнде Момышұлы даңғылында жолдың ойылып кетуінен ұзын-сонар кептеліс пайда болған.

«Жөндеу жұмыстары салдарынан жол төсемі шөгіп, терең шұңқыр пайда болған. Салдарынан бірнеше көлік опырылған жерге түсіп кетіп, қозғалыс айтарлықтай шектелді», – делінген видео сипаттамасында.

Мән-жайды білу үшін тілшіміз Алматы әкімдігіне жүгінді. Баспасөз қызметі қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының түсініктемесін ұсынды.

«Алматы қаласында ЛРТ жобасын іске асыру аясында Момышұлы және Төле би көшелерінің учаскелерінде инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары жүргізілді. Жауын-шашынның мол түсуіне байланысты жекелеген учаскелерде топырақ шөгіп, соның салдарынан көлік қозғалысы қиындады. Қазіргі уақытта мердігер ұйым қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Аталған жұмыстар жол негізін нығыздауды және көлік құралдарының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында уақытша шара ретінде фрезерленген асфальтбетонды қолдануды қамтиды», - делінген хабарламада.

Басқарма ауа райы жағдайлары тұрақтанғаннан кейін асфальтбетон жабыны технологиялық талаптарға сәйкес қалпына келтірілетінін хабарлады.

Войдите, чтобы оставить комментарий