Жоғарғы сот бес жасар баланы қорлаған еркекті ақтаудан бас тартты

30.07.2026 18:13 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жоғарғы сот бес жасар баланы қорлаған еркекті ақтаудан бас тартты
179
Фото: magnific.com

Атырауда 5 жасар жиеніне зорлық көрсеткені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылған Дамир Омаровтың Жоғарғы сотқа түсірген кассациялық шағымы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Ақ Жайық.

Жоғарғы сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімін күшінде қалдырып, бұл қылмыстық іске біржола нүкте қойды. Сотталушы өзінің кінәсі дәлелденбегенін және тергеу барысында заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, үкімнің күшін жоюды талап еткен. Алайда судьялар істі қайта қарауға негіз таппай, кінәнің жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық расталғанын атап өтті. Осылайша Атырау қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 14 шілдедегі үкімі өзгеріссіз қалды. Оған сәйкес ер адам 20 жылға темір торға қамалып, одан жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндірілді. Сондай-ақ істі қарау барысында телевизиялық бағдарламаға қатысқан айыпталушының екі адвокатына қатысты жекеше қаулы шығарылған.

Бұл оқиға 2021 жылы Атырау қаласында болған. «Көке маған ауыртты», деді сол кезде 5 жастағы бала. Басында бұған мән бермеген анасы кейін ұлының денсаулығы күрт нашарлап, тұрақты зорлық-зомбылықты айғақтайтын ауыр жарақаттар мен қан кетулер пайда болғаннан кейін ғана дабыл қаққан. Жәбірленушінің анасы күдіктіні жазалау үшін 4 жыл бойы күресіп, осы уақыт ішінде қылмыстық іс 6 рет тоқтатылып, оның қажырлы шағымдарынан кейін ғана қайта қозғалып отырған. Ұзаққа созылған тергеуден кейін 2025 жылы сот оқиға кезінде 33 жаста болған ер адамды Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі (бірнеше рет жасалған, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша кінәлі деп тауып, тиісті жазасын тағайындады.

Войдите, чтобы оставить комментарий