Жұмамұрат Шәмші: Тойды тоқтатып, асабаларды арнайы курсқа жіберу керек
Белгілі қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші заманауи тойлардағы келеңсіздіктер мен асабалардың этикасы туралы ойын ортаға салды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жұмамұрат Шәмші бұл туралы "Жас Алашқа" берген сұқбатында айтты.
"Өткенде сұмдықтан жағамды ұстадым. Бір үш жігіт шығып, үш қызды әкелді. Үш қызды тізерлетіп отырғызып қойып, ана үш жігіттің бұтына банандарды тықты. Содан соң сол бананды қолын тигізбей, ана қыздар жеуі керек. Жағамды ұстадым, «бұл не бәле?» дедім. Ойлаңызшы, ақылға салып көріңізші, бұл — сұмдық масқара ғой! Ол біреудің қызы... Бұл — сұмдық! Осындай әдейі жыныстық қатынас сияқты қылып келтіреді ойынның өзін. Талай мәдени, жақсы, сауатты, игілікті, тәрбиелік мәні бар дүниелерді ойнатса болады ғой! Анау не, мазақ қылып отырған?! Үш қыз аузымен бүйтіп, ана бананды жеп қойды..." — деді Жұмамұрат Шәмші.
Қоғам белсендісі асабаларды арнайы дайындықтан өткізу мен ысырапшыл тойға тыйым салу мәселесін көтерді.
"Асабаларды дайындайтын арнайы курстар ашу керек. Той индустриясын тоқтату керек! Дарақылық өріп жүр. Жарайды, ұлыңды үйлендірсең бір сәрі. Қазір қыз ұзату да көбейіп кетті. Жаңа туған баланың шілдеханасы дейді, қалжа дейді, 1 жас, 5 жас, мектепке баруы, мектепті бітіруі, әскерге баруы, келуі... Неге осының бәрін тойлай беретін болдық?! Күн бос емес! Бір Астананың өзінде 500-ден астам мейрамхана бар. Жеті күнде бос орын таппайсың. Бір жылға дейін тапсырыс беріліп қойған. Бір жыл бұрын барасың да, тойға жазылып қоясың. Журналдарын көремін ғой... Жағамды ұстаймын, бұл не деген сұмдық?! Бір завод ашылмайды Астанада! Күн сайын мейрамханалар көбейіп жатыр. Астананың Талапкер жағы да, Астраханка жағы да, жан-жағынан өсіп жатыр. Өскен сайын үйлер салынып, жайылып барады. Салынған сайын жан-жағында тек мейрамханалар бой көтеруде. Мейрамхана артынан мейрамхана, бір-бірімен дизайны жағынан бәсекелеседі. Кірсең, аузың аңқиып, таңғаласың. Тойда басқа ештеңе жоқ. Сол себепті де бір-бірімен бәсекелеседі. Мейрамхана басшылары маған күнде хабарласады: «Бізге адамдарды жіберіңізші» деп адамға таласады. Өйткені адам жүрген жерде ақша жүреді ғой. Осыған тоқтау салу керек! Күн бос емес: күндіз — ас, кешке — той. Баяғыда тек сенбі мен жексенбіде болушы еді, қазір бес күннің бәрінде — дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, тек той тойланады... Мұндай халық жер бетінде жоқ", — деді ол.
Соңғы жаңалықтар