Зүлфия Сүлейменова жаңа қызметте немен айналысатыны белгілі болды

13.11.2025 09:50 Берік Арманов
Зүлфия Сүлейменова жаңа қызметте немен айналысатыны белгілі болды
0
165
Фото:gov.kz. Суретте: Зүлфия Сүлейменова

Зүлфия Сүлейменова Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде ерекше тапсырмалар жөніндегі елші қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші – тұрақты елшілік қызмет атқармайтын, бірақ нақты дипломатиялық миссиялар мен маңызды сыртқы саяси тапсырмаларды орындайтын жоғары деңгейлі дипломат. Бұл лауазым С-1 санатына жатады және СІМ орталық аппаратының штаттық бірлігі болып саналады.

Министрліктің мәліметінше, мұндай елшілер халықаралық келіссөздер мен конференцияларда Қазақстан атынан өкілдік етуі мүмкін, сондай-ақ сыртқы саясаттың жекелеген бағыттарын — ядролық қарусыздану, халықаралық қауіпсіздік, экология, адам құқықтары немесе экономикалық дипломатияны — қадағалайды.

Сонымен қатар олар гуманитарлық және диаспорамен жұмыс бағыттарына жетекшілік етіп, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды немесе арнайы дипломатиялық миссияларды орындайды.

Жаңа қызметінде Зүлфия Сүлейменова экология және «жасыл экономика» салалары бойынша сыртқы саясат бастамаларын үйлестіріп, осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жауапты болады.

Айта кетейік, Сүлейменова 2023 жылдың қаңтарында Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалған еді. Сол жылы маусым айында «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында болған ірі өрт салдарынан 14 орманшы қаза тауып, 60 мың гектардан астам орман жойылғаннан кейін ол қызметінен босатылды.

Кейін, 2023 жылғы қыркүйекте, Сүлейменова Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі ретінде тағайындалған болатын. Ал биыл 25 қыркүйекте бұл қызметінен босатылып, енді Сыртқы істер министрлігінің құрамында жаңа миссияны бастады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий