Түркістан облысында жол апатынан ерлі-зайыпты көз жұмып, артында 8 баласы қалды

Түркістан облысында жол апатынан ерлі-зайыпты көз жұмып, артында 8 баласы қалды
Фото: pixabay

Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылында орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан ерлі-зайыпты қаза тауып, 8 бала ата-анасыз қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, балалардың кенжесі небәрі 8 айлық болса, үлкені 15 жаста. Қазіргі таңда қарашаңырақта қалатын балалардың тұрмыстық жағдайын реттеу үшін ауыл тұрғындары мен марқұмдардың туыстары асар ұйымдастырып жатыр. Үйде жылу жүйесі аяқталмаған және табиғи газ кіргізілмегендіктен, шұғыл жөндеу жұмыстары қолға алынды.

«Кеше ғана сегіз бала жетім қалды. Олардың ата-анасы жол апатынан көз жұмды. Ең кішісі небәрі сегіз айлық, ал үлкен қыз – 15 жаста. Қазір ауылда асар жүріп жатыр. Туыстары мен жергілікті тұрғындар қолдан келгенше көмектесуде. Қазір мұнда құрылыс жүруде. Отбасының ағайын-туысы баспананы аяқтау үшін жұмылды. Біз барлық сегіз баланың өз туыстарының арасында қалып, солардың қамқорлығында болғанын қалаймыз», – делінген бейнеүндеуде.

Үндеу авторларының айтуынша, баспана жағдайын алдағы уақытта тиісті органдар тексереді. Балалар өздеріне үйреншікті ортада туған-туыстарының қамқорлығында қалуы үшін үйді толық ретке келтіру аса маңызды. Осыған байланысты отбасына көмек қолын созу үшін қаражат жинау шарасы басталып, көпшілікке құрылыс жұмыстарына қатысу немесе қаржылай қолдау білдіру жөнінде үндеу жасалды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу