1,7 млрд теңге жымқырған экс-ректор мерзімінен бұрын босап шықты

12.02.2026 12:25 Әсел Мұрат
1,7 млрд теңге жымқырған экс-ректор мерзімінен бұрын босап шықты
261
Фото:facebook.com/d.shynybekov

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің экс-ректоры Дамир Шыныбеков 1,7 млрд теңгені жымқырды деген айыппен 2020 жылы 8 жылға сотталған болатын. Алайда жуырда ол Алматы қаласындағы сауда орталықтарының бірінде көзге түскен, деп хабарлайды Politico.kz.

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Комиет Дамир Шыныбековтің босатылғанын растады.

ҚАЖК мәліметінше, оған амнистия қолданылып, сондай-ақ қамауда отырған уақыты қайта есептелген. Соның нәтижесінде жаза мерзімі қысқартылған. 

«Аталған азаматқа заңнамаға сәйкес амнистия қолданылды. Қайта есептеу нәтижесінде белгіленген жаза мерзімі толық өтелді деп танылып, ол заңды түрде босатылды», – деп хабарлады ҚАЖК өкілдері.

Ведомство жаза мерзімін қайта қарау туралы шешімді тек сот қабылдайтынын және оның орындалуы міндетті екенін атап өтті. Ал істің өзге жайттары заң талаптарына сәйкес жария етілмеген.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың қазан айында университеттен 1,7 млрд теңге жымқыру ісі бойынша сот процесі аяқталған еді.

Айыпталушылар қатарында Дамир Шыныбековпен бірге бұрынғы бас бухгалтер Жанайым Спабекова да болды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2013–2018 жылдар аралығында олар жалған келісімшарттар жасасып, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген.

Сот шешімімен олар алдын ала сөз байласқан топ ретінде қызметтік өкілеттігін пайдаланып, аса ірі көлемде мүлікті иемдену және ысырап ету бойынша кінәлі деп танылды. Ал Спабековаға қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру бабы да қосымша тағылған. Нәтижесінде екеуі де 8 жылға сотталды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий