Қатармен миллиардтаған долларлық жобалар: Тоқаев Бакуде не талқылады?

Қатармен миллиардтаған долларлық жобалар: Тоқаев Бакуде не талқылады?
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Баку мен Еревандағы екі күндік сапарында Қазақстан үшін маңызды бірнеше мәселе көтерілді. Бірі ел экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция тартуға қатысты болса, екіншісі Израильмен байланысты кеңейтуге арналды. Ал Ереванда президент Каспий теңізінің болашағына алаңдаушылық білдіріп, халықаралық қауымдастыққа ұсыныс жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

15 қазанда Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммиті кезінде Тоқаев Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті.

Қатар әмірімен кездесуде негізгі әңгіме энергетика мен бірлескен инвестициялық жобалар төңірегінде өрбіді. Екі ел басшылары бұған дейін жасалған келісімдердің орындалуын және Таяу Шығыстағы жағдайды талқылады.

Қазақстан мен Қатар арасындағы экономикалық байланыстың негізі 2024 жылдың көктемінде қаланған болатын. Сол кезде екі мемлекет жалпы құны 17,6 миллиард доллар болатын коммерциялық құжаттарға қол қойды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл келісімдерді көлемі жағынан бұрын-соңды болмаған ірі уағдаластық деп бағалаған еді.

Қаражаттың басым бөлігі энергетикалық жобаларға бағытталмақ. Оның ішінде газ өңдеу зауыттарын салу, Ақтөбеден Қостанайға газ құбырын тарту және Бейнеу, Бозой, Шымкент бағытындағы магистральдық газ құбырының екінші желісін жүргізу бар.

Қатар инвесторлары бу-газ және су электр станцияларының құрылысына да қатысады. Бұған қоса астық пен сүтті терең өңдейтін кәсіпорындар ашу көзделген.

Бұл жобалардың Қазақстан үшін маңызы зор. Әсіресе солтүстік өңірлерді газбен қамту мәселесінде Қатармен жасалған келісімдердің салмағы басым. Жоспарланған жұмыстар толық жүзеге асса, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік туады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу