200 мың теңге үшін адам өлтірді: Қылмыс туралы үндемеген жасөспірім де түрмеге түсті

200 мың теңге үшін адам өлтірді: Қылмыс туралы үндемеген жасөспірім де түрмеге түсті
Фото: Politico.kz

Қостанай облысының Рудный қаласында кісі өлтіру қылмысын полицияға хабарламаған жасөспірімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ал адам өлтірген екінші айыпталушы 9 жылға сотталды. Үкімді алқабилердің қатысуымен өткен сот шығарды.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 23 қаңтарға қараған түні Қорчағин көшесіндегі көпқабатты үйдің кіреберісінде болған. Тергеу мәліметінше, ер адам 200 мың теңгеге қатысты жанжалдан кейін жәбірленушіге пышақпен бірнеше рет соққы жасаған.

Оқиға кезінде оның жанында кәмелетке толмаған жасөспірім де болған. Ол төменгі қабатта тұрып, болған жағдайдан хабардар болғанымен, құқық қорғау органдарына ешқандай ақпарат бермеген.

Қылмыстан кейін екі азамат та оқиға орнынан кетіп, Көкшетау қаласына жасырынған. Сот шешімімен кісі өлтірген азамат 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар одан жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

Ал қылмыс туралы хабарламаған жасөспірім 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу