Петропавлда колледж студенттері жаппай инфекция жұқтырды: 14 жағдай расталды
Петропавлда Мағжан Жұмабаев атындағы колледждің 14 студентінен тері ауруы анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары инфекцияның таралуына себеп болуы мүмкін көзді анықтаған. Белгілі болғандай, науқастардың барлығы бір жатақханада тұрған.
Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Анара Құрғынбаеваның айтуынша, студенттердің барлығы жатақхананың бір қабатында орналасқан көршілес бөлмелерде тұрған. Олар күнделікті тұрмыста бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болған.
Эпидемиологиялық тексеру барысында алғашқы науқаспен байланыста болған және инфекцияның ықтимал көзі саналатын адам анықталған.
Осы жағдайдан кейін мамандар колледж жатақханасы мен студенттер оқыған ғимаратта залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар науқастармен байланыста болған студенттер медициналық бақылауға алынған.
Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұл салынған. Алайда санитарлық қызмет өкілдері айыппұлдың нақты сомасы мен кімге қатысты қолданылғанын жарияламады. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда.
Айта кетейік, студенттердің ауруханаға түскені туралы ақпарат қыркүйек айының соңында тараған болатын. Алғашында сегіз студенттен саңырауқұлақ инфекциясына күдік туғаны хабарланған еді. Кейін зертханалық талдау нәтижесінде ауру жұқтырғандардың саны 14-ке жеткені расталды.
Мамандардың түсіндіруінше, теміреткі – теріні зақымдайтын жұқпалы саңырауқұлақ ауруы. Ол адамнан адамға тікелей байланыс арқылы, сондай-ақ ортақ сүлгі, киім, төсек-орын және басқа да тұрмыстық заттар арқылы жұғуы мүмкін. Ауру кезінде теріде қызарған дөңгелек дақтар пайда болып, қышу мен қабыршақтану байқалады.
Соңғы жаңалықтар