Астана әкімдігі алдында шу шықты: Жекеменшік орталық өкілдерін полиция алып кетті
Астанада жекеменшік балалар орталықтарының өкілдері елорда әкімдігі ғимаратының алдына жиналып, балалардың сабаққа қатысуын Face ID арқылы бақылау жүйесіне қарсылық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Алайда наразылық білдірушілер мен жауапты мекеме өкілдері ортақ шешімге келе алмады. Оқиға орнына полиция шақырылып, бірнеше адам бөлімшеге жеткізілді.
Әкімдік алдына бірнеше ондаған адам жиналған. Олардың арасында QOSYMSHA.KZ бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жекеменшік білім беру орталықтарының, спорт клубтары мен шығармашылық студиялардың өкілдері болған.
Жиналғандар балалардың сабаққа қатысуын бет-әлпетті тану технологиясы арқылы тексеру бастамасына қарсылық білдірген. Олар жаңа жүйеге қатысты мәселелерді талқылау үшін әкімдікке бармақ болғанымен, жоспарлаған қабылдауға кіре алмаған. Оқиға орнынан тараған бейнежазбаларда адамдардың полиция көліктеріне отырғызылғаны көрінеді.
Астана қаласының Білім басқармасы өкілдерінің түсіндіруінше, әкім орынбасарымен алдын ала кездесу белгіленбеген. Соған қарамастан, жиналғандармен басқарма мен Қосымша білім беру орталығының қызметкерлері сөйлескен. Алайда тараптар келісімге келе алмаған.
Басқарманың мәліметінше, түсіндіру жұмыстарынан кейін де азаматтар қарсылық білдіруді жалғастырып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Осыған байланысты полиция оларды мән-жайды анықтау үшін Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізген. Бірнеше адамға ресми ескерту жасалған.
Әкімдік өкілдері жаңа жүйені енгізудегі мақсат – жалған қатысуды болдырмау екенін айтады. Яғни мемлекет қаржы бөлетін үйірмелер мен қосымша білім беру орталықтарына балалардың шынымен барып жүргенін тексеру көзделген.
Ол үшін QR-код пен бет-әлпетті тану технологиясын пайдалану ұсынылған. Қазір Face ID жүйесі Астанадағы екі жекеменшік қосымша білім беру ұйымында сынақтан өтіп жатыр.
Білім басқармасы жабдықтардың тегін берілгенін, әзірге ата-аналар мен балалардан шағым түспегенін мәлімдеді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жеке деректері заң талаптарына сәйкес өңделетінін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар