"21 рет пышақ сұққан": Жаңаөзенде дәрігерді не үшін өлтіргені белгілі болды

30.01.2026 10:07 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
1621
Фото: Жаңаөзен ауруханасы

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында 29 жастағы дәрігер Нұрдәулет Аманғалиев аурухана ішінде пышақ жарақатынан қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға емдеу мекемесінің дәлізінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, терапевтке белгісіз ер адам суық қарумен шабуыл жасаған. Куәгерлердің айтуынша, күдікті дәрігерге бірнеше рет пышақ сұғып, ауыр жарақат салған. Нұрдәулет Аманғалиев алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Марқұмның туыстары қылмысқа оның кәсіби қызметінің қатысы жоқ екенін айтады. Олардың мәліметінше, күдіктінің жұбайы осы ауруханада медбике болып жұмыс істеген, ал шабуыл қызғаныштан жасалған. Жақындарының сөзінше, дәрігердің денесіне 21 жерден пышақ жарақаты түскен.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, марқұм мойын, кеуде қуысы мен қол тұсынан ауыр жарақат алып, ірі қан тамырлары зақымдалған. Ақтаудан арнайы келген дәрігерлер шұғыл ота жасағанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Нұрдәулет Аманғалиев Марат Оспанов атындағы университетте 9 жыл білім алып, бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласына жұмысқа орналасқан. Артында екі баласы қалды. Әріптестері оны өз ісіне адал, жауапты әрі болашағынан үлкен үміт күттірген жас маман ретінде еске алады.

Аталған дерек бойынша полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті өз еркімен полицияға беріліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий