5 адамның өмірін жалмаған апаттан кейін Қазақстанда бұрын-соңды болмаған үкім шықты
Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық соты биыл қаңтар айында бес адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 16 қаңтар күні республикалық маңызы бар «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» тасжолында болған. Мұзтайғақ салдарынан Yutong маркалы жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған. Апат салдарынан бес адам көз жұмып, тағы 14 жолаушы түрлі дене жарақатын алған.
Бас көлік прокуратурасы жүргізген тергеу нәтижесінде жол апатына автожолдың қысқы кезеңде талапқа сай күтіп ұсталмауы себеп болғаны анықталды. Тергеу барысында жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі мен адам өлімі арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланыс дәлелденген.
Бұл – Қазақстанның сот тәжірибесінде қыс мезгілінде жолды тиісті деңгейде күтіп ұстамау салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы іс.
Сот үкімімен «КАЖСервис» ЖШС Маңғыстау облыстық филиалына қарасты ДЭУ-57 мекемесінің басшысы Қылмыстық кодекстің 353-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар