50 күннен соң не болады?: Трамптың сауда соққысы кімге бағытталған

50 күннен соң не болады?: Трамптың сауда соққысы кімге бағытталған
22.07.2025 13:28
0
322
Коллаж: POLITICO.KZ (Сурет: AP Photo, Getty Images, REUTERS)

BRICS елдері АҚШ-тың жаңа санкцияларынан қорқады ма?

2025 жылы 14 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонға ресми сапармен келген NATO Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесу өткізді. Кездесу барысында В. Путиннен көңілі қалғанын айтып, Мәскеуге қақтығысты реттеуге 50 күн беретінін, егер жағдай түзелмесе Ресейдің сауда әріптестеріне 100% баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Трамптың бұл әрекеті Ресейдің сауда әріптестеріне қауіп төндіре ме, әлде кезекті негізі жоқ саяси қоқан-лоқы ма?

Трампқа соғыстың созылғаны тиімдірек

Дональд Трамп билікке келгенде дейін Украина-Ресей қақтығысын 24 сағатта тоқтатамын деп уәде берген еді. Алайда жарты жылдан асса да әлі қақтығысты реттей алмады. Есесіне Үндістан мен Пәкістан, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстарды реттеді. Осылайша Украина мәселесіндегі сәтсіздікті жуып шайды. 
Бірақ Трамптың Украина бағытындағы саясатын толық сәтсіздік дей алмаймыз. Екі тарапты келісімге келуге талпынған іс-қимылдары мен мәлімдемелерін талдайтын болсақ, қақтығыстың созылғаны Трампқа тиімді екенін байқауға болады. Қабылдаған шешімдерінен экономикалық прагматизм байқалады. 
Біріншіден, Трамп тарифтік соғыс арқылы ЕО-пен сауда балансын қалпына келтіруді көздейді. Ресми мәліметке сүйенсек, 2014-2024 жылдары ЕО-тан АҚШ-қа импорт көлемі 44%-ға өскен. 14 ақпанда АҚШ вице-президенті Джей Ди Венс Мюнхен қауіпсіздік мәселелері бойынша конференцияда ЕО-ы сынға алуы да бекер емес. Украина қақтығысында Брюссельдің жалғыз өзін қалдыруы ЕО-пен сауда балансын қалпына келтіру үшін жасалған саяси қысым болып табылады. 
Екіншіден, Трамп АҚШ-NATO қарым-қатынасын өзгертуге де уәде берген. Алайда оның әскери блоктан АҚШ-ты шығарамын деген мәлімдемесі де негізі жоқ саяси қоқан-лоқы. Трамптың көздегені NATO-ны қаржыландыру механизмін өзгерту. Осы уақытқа дейін мүше-мемлекеттер кем дегенде ЖІӨ-ң 2%-н ұйымды қаржыландыруға бөлуге міндетті еді. Алайда кейбір мемлекеттер мұндай міндетті орындамаған. Трамп бұл олқылықты жоюға тырысты. Себебі АҚШ блоктың негізгі қаржы донорына айналған еді. Бұл оның ойынша АҚШ-қа одақтастар тарапынан жасалған әділетсіздік болып саналады. 
Оның Украина мәселесіндегі позициясы оң нәтиже беруде. 24-25 маусымда Гаагада NATO-ң кезекті саммиті өтті. Онда әр мүше-мемлекет ЖІӨ-ң 5%-н қорғаныс саласына бөлу туралы шешім қабылданды. Осыдан кейін шілдеде Трамптың Украинаға қатысты позициясы өзгерді. Саммиттен кейін NATO Бас хатшысы Марк Рюттемен Вашингтонда кездесу қорытындысы бойынша Киевке қорғаныс қару-жарағын беруге келісті. Алайда қару-жарақ Украинаға тікелей емес NATO арқылы берілмек. Бұл Ресеймен диалогты жалғастыруға бос кеңістік қалдыру үшін жасалып отыр. 
Трамп Мәскеуге 50 күн уақыт беруі кейбір сарапшылар айтқандай Ресейге соғысты жалғастыруға мүмкіндік бергенін білдірмейді. Сондай-ақ бұл қадам Украинаны қолдау әрекеті де емес. 50 күн ішінде Еуропалық Одақты АҚШ-ң сауда-экономикалық талаптарына көндіруді көздеп отыр. 

Мәскеу шегінбейді, ал Астанаға тікелей әсері жоқ

Трамптың мәлімдемесіне В. Путиннің баспасөз хатшысы Д. Песков, РФ СІМ басшысы С. Лавров жауап берді. Олардың мәлімдемелерінен Мәскеудің Украина бағытындағы саясаты өзгермейтінін байқаймыз. Яғни Кремль Трамптың мәлімдемелері кезекті саяси қоқан-лоқы екенін біледі. 
С. Лавров 17 шілдеде баспасөз-конференциясында осы сұраққа жауап берді. Ол Трамптың «24 сағат», «100 күн» және «50 күн» деген мәлімдемелерінің астарында не жатқанын өздері де білгісі келетінін айтты. Тек мына бір нәрсе анық дейді ол, Мәскеудің ойынша қазір Трамп ЕО пен NATO-ң қысымының астында қалған. Лавровтың осы мәлімдемесінен бір жағынан АҚШ-пен байланысты жақсартуға бос кеңістік қалдыру, екінші жағынан Батыс әлеміне іріткі салу әрекеті байқалады. Мәскеу Трамптың сөздеріне дипломатиялық жауап беріп, өз позициясын сақтайтынын астарлап жеткізген. 
Астанаға Трамптың 100% баж салығы тікелей әсер етпейді. Себебі Қазақстан президент айтқан Ресейдің негізгі сауда әріптесі емес. Қала берді 7 шілдеде АҚШ президенті 1 тамыздан бастап Қазақстан өнімдеріне 25% баж салығын енгізу туралы хат жолдаған. Сондықтан бұған тағы 100% қосылуы экономикалық пайда әкелмейді. Сондай-ақ ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1 тамыздан өсетін тариф еліміздің экспортының тек 5% қамтитынын айтқан. 

BRICS-ке соққы жасалмақ

Бірнеше айдан бері Республика партиясының өкілі сенатор Линдси Грем Ресейдің мұнайын сатып алатын елдерге баж салығын арттыруды көздейтін заң жобасын дайындауда. Ол Трамп айтқан Ресейдің негізгі сауда әріптестері қай елдер екенін БАҚ-на айтты. Сенатордың сөзінше мұндай мемлекеттерге Ресейдің 80% мұнайын сатып алатын Қытай, Үндістан мен Бразилия кіреді. Бұл елдер BRICS ұйымының мүшелері екенін атап өткен жөн. Демек Трамп ұйым ішіне іріткі салуды көздеп отыр. 
Бейжіңге салынатын баж салығы шынында да өсуі мүмкін. Себебі тамыз айында АҚШ пен Қытай арасындағы 90 күндік «уақытша бітім» мерзімі аяқталады. 14 мамырда екі ел тарифтерді 115%-ға түсірді. АҚШ 145-тен 30%-ға, ал Қытай 125-тен 10%-ға азайтты. Ресейге берілген 50 күн тамыздың соңына қарай аяқталады. Сондықтан қазіргі 10%-ға тағы 100% қосылу ықтималдығы жоғары. Мұны ескеріп Бейжің Трамптың біржақты тарифтік саясатын сынға алды. 
Сәуірде Үндістанға салынған баж салығы 10%-дан 26%-ға өсті. Трамптың баж салығын өсіреміз дегеніне Үндістанның СІМ: «жағдайдың қалай дамып жатқанын мұқият бақылап отырмыз», - деп жауап берді. Осылайша Украина-Ресей қақтығысын бақылайтынын мәлімдеді. Яғни, Қытай секілді АҚШ-пен ашық текетіреске түспейтінін меңзеп отыр. Ал Бразилия керісінше Трамптың баж салығын көтеру туралы шешімдеріне ашық жауап беріп, тарифтік текетіреске түсуде. 
Осылайша АҚШ президенті Ресей қақтығысты 50 күнде реттемесе оның BRICS ұйымы бойынша одақтастарына соққы жасамақ. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий