7 жылда 55 есе көбейген алаяқтық Қазақстандағы әрбір бесінші қылмысқа айналды

21.08.2026 12:30 Абзал БАХЫТЖАНОВ
7 жылда 55 есе көбейген алаяқтық Қазақстандағы әрбір бесінші қылмысқа айналды
77
Фото: magnific.com

Қазақстанда 7 жыл ішінде интернет алаяқтық фактілері 55 еседен астам өсті. Қазір елдегі әрбір бесінші қылмыс осы салада жасалып жатыр, деп хабарлайды Finprom.kz сараптамалық порталы.

Цифрлық технологиялар қазақстандықтардың күнделікті өміріне терең енді. Адамдар интернет арқылы банк операцияларын жасайды, зат сатып алады және ақша аударады. Қылмыскерлер де осы цифрлық ортаға бейімделіп, қашықтан әрекет етуге көшкен. 2018 жылы Қазақстанда небәрі 517 интернет алаяқтық тіркелсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 28,9 мыңға жетті. 7 жыл ішінде мұндай қылмыстардың саны айтарлықтай ұлғайды. 2018 жылы олар жалпы қылмыстың тек 0,2%-ын құраса, былтыр 23,3%-ға жеткен. Бұл әрбір төртінші қылмыс интернетте жасалды деген сөз.

Биыл бұл қылмыстардың саны үш жылдық өсімнен кейін сәл азайды. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында 13,1 мың жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға аз. Алайда 2024 жылғы көрсеткіштен әлі де 9,8%-ға жоғары. Сандық көрсеткіш төмендегенімен, жалпы қылмыс құрылымындағы алаяқтықтың үлесі азаймады. Жыл басынан бері барлық алаяқтық фактілерінің 57%-ы интернет арқылы жасалған. Оның барлық қылмыстағы үлесі 19,5%-ға дейін өсті. Демек, бүгінде әрбір бесінші құқық бұзушылық интернет алаяқтыққа жатады.

Қылмыскерлер көбіне бірнеше негізгі тәсілді қолданады. Биылғы жеті айда өзін банк қызметкерімін деп таныстырғандар мен жалған СМС-хабарламалар арқылы 2,9 мың жағдай тіркелді. Екінші орында фишингтік сайттар мен қосымшалар арқылы құпия деректерді ұрлау тұр. Бұл әдіспен 2,7 мың қылмыс жасалған. Қызмет көрсету туралы хабарландырулар арқылы 2,6 мың жағдай, ал онлайн сауда барысында 1,9 мың дерек анықталды. Сонымен қатар азаматтардың атынан онлайн несие рәсімдеу бойынша 1,3 мың жағдай тіркелген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтық несиелер көлемінің азайғанын мәлімдеді. 2026 жылдың басынан бері 2,1 млрд тг сомасына 1,3 мың жалған қарыз анықталған. Салыстыру үшін айтсақ, бұл көрсеткіш 2025 жылы 4,6 млрд тг, ал 2024 жылы 20,3 млрд тг болған. Қарыз алушыларды қорғау үшін онлайн несие беру кезінде міндетті «салқындату кезеңі» енгізілді. Оған қоса клиенттерді биометриялық сәйкестендіру рәсімдері күшейтілді.

Алаяқтықтың басқа түрлері сирегірек кездеседі. Қаржы пирамидалары мен инвестициялық жобаларға қатысты 770 факті анықталды. Аккаунттар мен домендерді бұзу бойынша 182 жағдай, ал криптовалютаға байланысты 170 қылмыс тіркелген. Әлеуметтік желілерде қарыз сұрап хат жазу арқылы 142 рет адамдар алданған. Жалған қайырымдылықпен 60 жағдай, жалған лотереялармен 52 факті, ал онлайн-казиномен 10 жағдай байланысты болды.

Аймақтар бойынша биылғы жеті айда ең көп қылмыс Астанада тіркелді. Елордада 2,3 мың жағдай анықталған. Одан кейінгі орындарда Алматы қаласы мен Павлодар облысы орналасқан. Оларда тиісінше 1,4 мың және 1,1 мың қылмыс тіркелді. Тізімді Алматы облысы (1 мың) және Қарағанды облысы (951 жағдай) толықтырды. Бұл бес аймаққа елдегі барлық интернет алаяқтықтың 50,7%-ы тиесілі.

Алайда жалпы қылмыс құрылымындағы үлесі бойынша көшбасшылар басқа. Мәселен, Павлодар облысында барлық қылмыстың 38%-ы интернетте жасалған. Одан кейін Шығыс Қазақстан (29,8%), Қарағанды (29,6%) және Қостанай (28,5%) облыстары орналасқан. Астана мен Абай облысында бұл үлес 26% шамасында болды. Салыстыру үшін айтсақ, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 11,2%-ды құрады. Ал Алматы қаласында ол 11,1%-ға, Шымкентте 9,9%-ға тең.

Жалпы алғанда интернет алаяқтық фактілері биыл азая бастағанымен, қылмыс құрылымындағы үлесі артып келеді. Алаяқтар көбіне әлеуметтік инженерияны қолданады. Олар адамдарды сендіріп, құпия деректерін өздеріне бергізуге тырысады. Сондықтан бұл қылмыстарды ашу ғана емес, күмәнді операциялардың алдын алу да өте маңызды. Пайдаланушылардың сауаттылығы мен алаяқтарды дер кезінде тани білуі басты қорғаныс болып қала бермек.

Войдите, чтобы оставить комментарий