«Абай атамызбен дауласыңыздар»: Айдарбек Қожаназаров Құнанбайдың байлығы туралы даулы сөзін түсіндірді

11.08.2026 13:51 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Абай атамызбен дауласыңыздар»: Айдарбек Қожаназаров Құнанбайдың байлығы туралы даулы сөзін түсіндірді
240
Фото: instagram.com/a1darbek

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров қоғамда пікірталас тудырған сөзіне қатысты жауап берді. Ол өзін сынағандарды Абайдың өзімен дауласуға шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін саясаткер 10 тамызда өткен сайлау алдындағы дебатқа қатысқан еді. Онда ол «Ақ жол» партиясының төрайымы Дания Еспаевамен пікірталасқа түсті. Сол кезде Қожаназаров ауқатты кәсіпкерлердің көбеюі елдің өркендеуіне әкеледі деген ой айтты. Осы сөзін дәлелдеу үшін ол тарихи мысал келтірді.

«Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы. Егер де Құнанбайдың малы болмаса, Абай Абай болмайтын еді. Өйткені Абайдың уақыты болмайтын еді. Мал бағатын еді», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу талқыланып, түрлі пікір тудырды. Осыдан кейін партия төрағасы өз сөзін толықтырып, арнайы жазба жариялады. Ол жұрттың сөздің мәніне емес, тек бір сөзге жабысып алғанын айтты.

Қожаназаров өз ойын дәлелдеу үшін Абайдың өзіне жүгінді. Оның айтуынша, ақын халықты түзеуге қам жеген адамға екі нәрсе керек екенін жазған. Біріншісі өкімет пен билік болса, екіншісі есепсіз байлық болуы тиіс.

«Мал - мақсат емес, мүмкіндік. Дәулет - ақыл емес, бірақ ақылдың біліммен шыңдалуына жол ашатын құрал. Құнанбайдың дәулеті Абайға талант берген жоқ. Бірақ сол таланттың ашылуына қажетті білімге, ортаға, мүмкіндікке жол ашты», – деді партия төрағасы.

Оның сөзінше, қазақ тарихында ауқатты азаматтар мектеп ашып, ағартушылық істерді қаржыландырған. Кеңес үкіметі де тәркілеуді ірі байлардан бастағаны тегін емес. Себебі дәулет адамға экономикалық дербестік пен ықпал береді.

«Байлық адамды ұлы етпейді - бірақ дұрыс жұмсалса, ұлы мұратқа қызмет етеді. Сондықтан сөзді бұрмалаудың қажеті жоқ. Сіздер Айдарбектің емес, Абайдың сөзін бұрмалап жатсыздар. Ал “есепсіз бай боларға керек” деген сөзбен келіспесеңіздер - Айдарбекпен емес, ар-ұятты ысырып қойып Абай атамызбен дауласыңыздар», – деді ол.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлы қазақ халқының ұлы ағартушысы және ақыны. Ол жазба әдебиетінің негізін қалаушы саналады. Ақын 170-тен астам өлең мен әйгілі қара сөздерін қалдырған. Оның әкесі Құнанбай Өскенбайұлы танымал би әрі аға сұлтан болған. Ол қазақ даласында білімді қолдаған тарихи қайраткер ретінде белгілі. Құнанбай Абайдың тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер еткен.

Войдите, чтобы оставить комментарий