Абай облысында танымал журналист кенеттен қайтыс болды
Абай облысында БАҚ және PR саласының белгілі маманы Әйгерім Мейірқанова Алакөлде демалыста жүргенде кенеттен көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.
Бірнеше жылдан бері ол отандық журналистика мен қоғаммен байланыс саласында белсенді қызмет атқарған. Қайғылы хабарды естіген әріптестері оның өліміне қатысты алғашқы мәліметтермен бөлісті.
“Ол Алакөлде демалыста болған. Оның қазасы жайлы сіңлісінен естідік. Бізге оның суға батып кеткені туралы айтылды. Кейін жүрегі тоқтап қалған деген де ақпарат пайда болды. Әзірге бұл ақпаратты ресми ешкім растамады. Бұл оның жақындарының айтқаны”, – деді Әйгерімнің әріптесі.
Оқиғаның анық-қанығын білу үшін Stan.kz тілшісі Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, ресми түсініктеме алды. Ведомство өкілдері қайғылы жағдайды растап, оқиғаның мән-жайын былай деп түсіндірді:
“28 маусым күні сағат 17:40-та Мақаншы ауданының полиция бөліміне "103" қызметінің диспетчерінен Алакөл көлінің жағалауында 38 жастағы әйелдің жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін кенеттен қайтыс болғаны туралы хабарлама түсті. Куәгерлердің айтуынша, әйелдің аяқ астынан жағдайы нашарлап, кейін есінен танып қалған. Аталған факті бойынша Мақаншы ауданының полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу нәтижесі мен сараптама қорытынбысына сәйкес тиісті процестік шешім қабылданады”.
Марқұмды жақын таныған ортасы мен БАҚ өкілдері Әйгерім Мейірқанованың артында жалғыз ұлы қалғанын ауыр күрсініспен жеткізді. Әріптестері мен достары желіде оның жарқын бейнесін еске алып, отбасына қолдау көрсету керектігін жазуда.
“Айгерім өмірге ерекше құштар, айналасына шуағын шашып жүретін жан еді. Оның бәріне қалай үлгеретініне, сонша күш-қуатты қайдан алатынына таңғалатынмын”, “Үнемі күліп жауап беретін, жылы жүзді адам еді”, “Ұлы оның өмірінің мәні болды. Әркез “ұлым, ұлыммен” деп желіге бірге өткізген уақыттарынан естеліктер салып отыратын. Ұлын жалғыз тәрбиелеп жүрген ана еді. Өте ауыр қайғы”, “Ұлы есейгенде анасының осынша сыйлы, жарқын, айналасына шуақ шашқан адам болғанын білсе екен. Қаншама адам оның анасын қатты құрметтейтінін көрсе екен. БАҚ мамандары мерекесі күні өмірден озуы да өте өкінішті. Оның атын ұмыт қылмауымыз керек”, “Қандай жаман хабар. Ол ұлы үшін барын салатын. Осы жылдар бойы өз баспанасы болғанын қалайтын. Әріптестер оның отбасына қол ұшын созу керек”, – деп жазды жұртшылық.
Соңғы жаңалықтар