Абай облысында үш басқармаға жаңа басшы тағайындалды

12.10.2026 • 14:26 Қарақат АСЫЛОВА
Абай облысында үш басқармаға жаңа басшы тағайындалды
212
Коллаж Politico.kz

Абай облысында үш басқарманың басшысы ауысты. Өңір әкімі Берік Уәли жаңа басшыларды облыс активіне таныстырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, су ресурстары және ирригация басқармасының басшысы болып Асхат Смаилов тағайындалды. Ол 1968 жылы Семей облысында дүниеге келген.

Қарағанды мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітірген.

Асхат Смаилов еңбек жолын 1991 жылы Ақсуат аудандық қаржы бөлімінде бастаған. Кейін Тарбағатай, Көкпекті және Ақсуат аудандарының әкімі болды. Абай облысының қаржы басқармасын басқарды. Соңғы қызметі Абай облысы әкімінің кеңесшісі болған.

Туризм басқармасының басшысы қызметіне Қуаныш Әбілдаев тағайындалды. Ол Қазақ гуманитарлық заң университетін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Қуаныш Әбілдаев бұған дейін мемлекеттік қызмет саласында түрлі лауазым атқарған. Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары болған. Соңғы қызметінде Абай облысының туризм басқармасында туризмді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарған.

Ал балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы болып Айжан Мұқатова тағайындалды. Ол 1998 жылы Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген.

Айжан Мұқатова еңбек жолын Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде мұғалім болып бастаған. Кейін Назарбаев Зияткерлік мектебінде сабақ берген. Буллинг пен кибербуллингке қарсы жұмыс тәжірибесі бар.

Осы тағайындауға дейін Семей медициналық колледжі директорының стратегиялық дамыту жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

Үш басшы да Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен тағайындалды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий