Әділет көлік дауы туралы: Ұлдананың анасы "сендей бағалайтын ешкім жоқ" дейтін

07.08.2026 20:19 Томирис САҒЫНДЫҚ
Әділет көлік дауы туралы: Ұлдананың анасы
106
Фото: instagram.com/zeineladilet

Марқұм Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел бұрынғы қайын жұртымен арада болған түсініспеушіліктерді тілге тиек етіп, көлікті сол кісілерге табыстағанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Қазақстан халық партиясының» youtube арнасына берген сұқбатында айтты.

«Достарыма, бұрынғы әріптестеріме хабарласып, Құран бағышталатынын айтып, бәрін шақырыпты. Тек мені шақырмаған. Содан-ақ олардың менімен араласқысы келмейтінін ұқтым да, араласпауға тырыстым. Көлікке қатысты айтарым біреу-ақ. Сәуір айының соңына дейін Ұлдананың анасы маған: «Ұлдана көзі тірісінде сенің қолдау білдіріп, бастапқы жарнасын төлеуге көмектесіп, бұл көлікті бірге алғандарыңды үнемі айтып отыратын. Сенен басқа бұл көлікті дәл солай ұқыпты айдап, бағалай алатын ешкім жоқ екеніне сенімдімін. Соны білгендіктен, бұл темір тұлпарды саған қалдырамын», — дейтін. Бастапқыда арамызда осындай әңгіме болған еді. Мұны айтқан Ұлдананың өзі емес, анасы еді. Ұлдананың өзі маған ондай сөз айтқан емес. Мұндай тақырыпты мүлде қозғамайтынбыз, өйткені басымызға осындай ауыр қайғы түседі деп, көлік төңірегінде үлкен дау-дамай туады деп еш ойламадық», — деді Әділет Зейнел.

Ары қарай ол бұрынғы қайын жұртымен арадағы көлік дауының қалай басталғанын айтып берді. Марқұм Ұлдана Мырзуанның әкесі көлікті қайтаруды талап етсе, керісінше бауыры бұл шешімге қарсы болған.

«Мұның бәрі Ұлдананың қазасынан кейін, сәуір айынан бастап өршіді. Нақты қай күн екені есімде жоқ, бірақ сәуір айында Ұлдананың әкесі хабарласып: «Шаруаларға керек еді, көлікті қалдыр» деді. Кейінірек Ұлдананың ағасы да жазып: «Көлікті тастаудың керегі жоқ. Ұлдана саған сеніп тапсырған соң, ол сенде болуы керек. Сені аға ретінде сыйлаймын, сенде қалсын», — деді. Бұл мәселе шешімін тапқандай болып, осы уағдаластыққа тоқтаған едік. Алайда арада біраз уақыт өткен соң олар талаптарын қайта күшейтті. Мамыр айынан бастап: «Арамызды ештеңе байланыстырмасын, бәрінен, тіпті мәртебеңнен де бас тарт» деуге көшті. Ал қазір жәбірленуші тараптың заңды өкілі болудан да бас тартуымды талап етіп отыр», — деді марқұм Ұлдана Мырзуанның күйеуі.

Әділет Зейнелдің анасы көлікті бұрынғы құдаларына қайтарып бергенін айтты.

«Көлікті 20 шілдеде тапсырдық, олар 20-сы немесе 21-і күні оны ресми түрде өз атына тіркеп алды. Көлік Ұлдананың ата-анасы мен жақындарына толықтай қайтарылды. Бастапқыда көлік Әділетте қалады делінгендіктен, ол еркін айдап жүрген еді. Әкесі көлікті қайтаруды талап еткенімен, анасының ұстанымы бұрын басқаша болатын. Бірақ уақыт өте келе анасының да, өзге туыстарының да ойы мүлде өзгерді. Біз керісіп, сөзге келген жоқпыз. Десе де, әр кездескен сайын бізге деген суық көзқарасты байқап, бәрін іштей түсіндік», — деді Әділеттің анасы.

Войдите, чтобы оставить комментарий