Қазақстан бадминтон федерациясының президенті 1 млрд теңге бопсалады деген күдікке ілінді
Астанада белгілі кәсіпкердің аты аталған даулы іс тергеліп жатыр. Бір кәсіпкер өзін елорда шетіне апарып, ұрып-соғып, бір миллиард теңге мен отбасының бүкіл мүлкін беруге мәжбүрлегенін айтып, полицияға арызданған. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, ол мұның артында Қазақстан бадминтон федерациясының президенті Асқар Мамуров тұрғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Politico.kz.
Даудың басы 2024 жылға барып тіреледі. Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкері Вячеслав Мачкариннің анасы отбасылық «Arrive Trans» ЖШС-індегі 50 пайыз үлесін сатпақ болған. Компания құрылыс материалдары мен құм, қиыршық тас секілді өнімдерді жеткізумен айналысады. Кәсіпорынның айналымы да аз емес. Биылдың өзінде шамамен 100 миллион теңге салық төлеген. Алдағы уақытта өндірістік қуатын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Компания үлесін сатып алуға Абылайхан Қуандықов есімді азамат ниет білдірген. Алайда Мачкариннің айтуынша, кәсіпорынның нақты үлескері Асқар Мамуров болуы тиіс еді.
Тараптар бағаға келіскенімен, сатып алушы ақшаны төлемеген. Оның орнына компаниядан 1,5 миллиард теңге несие рәсімдеп, сол қаржыны өзіне тиесілі фирмаларға аударуды талап еткен көрінеді.
Мачкариннің арызында үлес үшін ақша әлі күнге дейін төленбегені айтылған. Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот үлесті сатып алу-сату шартын бұзу туралы шешім шығарған.
Бірақ дау мұнымен аяқталмаған.
Кейін Мачкаринді полицияға шақырып, «Arrive Trans» компаниясындағы қаржының талан-таражға түсуіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Іс Қуандықовтың арызы негізінде тіркелген. Аудиторлық тексеру барысында кәсіпорында 825 миллион теңгенің жетіспейтіні анықталған деген уәж айтылған.
Келіссөзге шақырып, қала сыртына алып кеткен
Мачкариннің сөзінше, осы оқиғалардан кейін ол серіктестерімен Астанада кездесуге келіскен. Тамыз айының соңында елордаға компания заңгерімен бірге барған. Келіссөзге Мамуровпен ортақ таныстары да қатысады деп ойлаған.
Алайда кездесудің соңы күтпеген жағдайға ұласқан.
Кәсіпкердің арызында оны көлікке отырғызып, Астананың шетіне алып кеткені айтылған. Сол жерде белгісіз адамдар ұрып-соғып, үстіндегі киімін шешкізіп, жасырын дыбыс жазатын құрылғы бар-жоғын тексерген. Телефоны мен киімін де тартып алған.
Содан кейін оған бөтен адамның халатын кигізіп, киіз үйге алып барған. Мачкариннің айтуынша, киіз үйде Асқар Мамуров пен оның адамдары күтіп отырған.
Кәсіпкер дәл сол жерде өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдейді.
Оның сөзінше, кездесуде өзіне тиесілі бүкіл мүліктің суреттері, әйелімен және қызметкерлерімен жазысқан хаттарының көшірмелері көрсетілген. Осыдан кейін Мачкарин өзін біреулер жасырын бақылап, сөйлескен сөздерін тыңдап жүрген болуы мүмкін деген ойға келген.
Бұдан бөлек, Мамуров оған жоғары лауазымды адамдармен бірге түскен суреттерін көрсеткен көрінеді. Олардың арасында прокуратура органдарының бұрынғы және қазіргі басшылары да болған.
Мачкариннің мәлімдеуінше, Мамуров аталған шенеуніктермен жазысқан хаттарын да көрсетіп, өзінің қылмыстық жауапқа тартылуы жөнінде әңгіме болғанын алға тартқан.
Кәсіпкер мұны қойылған талаптарға көнбесе, түрмеге қамалатынын білдірген қоқан-лоқы ретінде қабылдаған.
Бір миллиард теңге мен отбасының мүлкін талап еткен
Мачкариннің арызында кездесудің соңында өзінен барлық мүлкін Мамуровтың адамдарына рәсімдеп беру талап етілгені жазылған.
Әңгіме тек кәсіпкердің жеке активтері туралы емес. Оның әйелі мен анасына тиесілі мүлік те талап етілген.
Сонымен бірге Мачкариннен компанияға қатысты 700 миллион теңгенің талабын мойындау сұралған. Жалпы, арызда бір миллиард теңгені беру жөнінде міндеттеме алуға мәжбүр болғаны көрсетілген.
Кәсіпкердің айтуынша, қысымнан кейін ол барлық талапқа келісуге мәжбүр болған. Содан соң ғана оны босатқан.
Бірақ келесі күні-ақ заңгер хабарласып, кездесуде қабылданған міндеттемелерді орындауды талап ете бастаған.
Осыдан кейін Мачкарин құқық қорғау органдарына жүгінген.
Михаил Козачковтың хабарлауынша, полиция бастапқыда істі «Өзінше билік ету» бабы бойынша тіркеген. Кейін қылмыстық іс «Адамдар тобының бопсалауы» бабына ауыстырылған.
Қазір Астанада тергеу жүріп жатыр.
Бұл ретте кәсіпкердің ұрып-соғу, қорқыту және мүлікті тартып алу әрекеттеріне қатысты айтқандары әзірге оның арызындағы мәліметтер екенін ескерген жөн. Журналист жариялаған ақпаратта Асқар Мамуровтың аталған айыптауларға қатысты ұстанымы келтірілмеген. Оның кінәсі сотта дәлелденген жоқ.
Ендігі мәселе – тергеудің немен аяқталатыны. Әсіресе Мачкариннің киіз үйдегі кездесуде көрсетілген ықпалды шенеуніктермен байланыс туралы мәлімдемелері қаншалықты рас екені әзірге белгісіз.
Соңғы жаңалықтар