«Әділет» партиясы ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өтті

01.06.2026 13:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Әділет» партиясы ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өтті
187
Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Әділет министрлігі жаңадан құрылған «Әділет» саяси партиясын ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өткізді, деп хабарлайды Politico.kz саяси ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2026 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізді», — делінген баспасөз хабарламада.

Партияның мәлімдеуінше, жаңа бірлестік мұнай–сервистік және тау–кен металлургиясы қызметкерлерін, шахтерлерді, спортшыларды, педагогтерді, дәрігерлерді, ғалымдарды, кәсіпкерлерді, IT–мамандарын, заңгерлер мен креативті индустрия мамандарын біріктіреді. Саяси құрылым өз бағдарламасында әділеттілік, жауапкершілік, заңдылық пен теңдік қағидаттарына сүйеніп, құқықтық тәртіпті нығайтуды, өңірлерді қолдауды, цифрландыруды ілгерілетуді және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруды басты басымдық ретінде айқындаған. Өз қызметін заманауи Қазақстанды дамытуға қосылатын үлес деп санайтын саяси ұйым алдағы уақытта аймақтардағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыруды көздеп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа саяси ұйымды құру туралы мәлімдемеге Гүлзира Атабаева, Ренат Бектуров, Қарлығаш Жаманқұлова, Динара Зәкиева, Рауан Кенжеханұлы, Замира Кузиева, Лаура Қарабасова, Айғазы Құсайынов, Андрей Лаврентьев, Нұрбек Матжани, Бөріхан Нұрмұхамедов, Аят Сүгірбай, Мұхамедқали Тауан, Ирина Тен, Марат Шибутов және Ләззат Шыңғысбаева сынды 16 адам қол қойып, Әділет министрлігіне тіркеуге дайындық рәсімін бастау үшін арнайы өтініш жіберген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий