Әкесі желіде тараған видеодағы сарбаздың тірі екенін айтты

25.09.2026 • 21:03 Томирис САҒЫНДЫҚ
Әкесі желіде тараған видеодағы сарбаздың тірі екенін айтты
186

Соңғы күндері Threads әлеуметтік желісінде әскери киімдегі жас жігіттің әкесімен бейнебайланыс арқылы сөйлескен сәті таспаланған бейнежазба кеңінен тарады. Кейбір жазбаларда кадрдағы сарбаз Каспийдегі қайғылы оқиға кезінде қаза тапты делініп, бұл оның туған әкесімен соңғы тілдесуі ретінде сипатталған, деп хабарлайды Politico.kz.

Дегенмен, Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты теріске шығарып, видеодағы әскери қызметшінің аман-есен екенін ресми түрде хабарлады.

Кейінірек әлеуметтік желіде тараған танымал бейнежазбаға қатысты курсанттың әкесі Талғат Құлманов та арнайы үндеу жасады. Оның айтуынша, перзентімен арадағы видеоқоңырау сәтін желіге өзі жариялаған. Қазіргі уақытта ұлының арнайы әскери оқу орнында білім алып жатқанын алға тартқан ол жұртшылықтан жалған ақпаратқа сенбеуді және бұл видеоны таратпауды өтінді.

Сондай-ақ Талғат Құлманов Каспий теңізіндегі төтенше жағдай кезінде қаза тапқан мерзімді әскери қызметкерлердің отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында, Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығу жиыны кезінде болды. Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы кенеттен бұзылып, дауыл тұрды. Толқын салдарынан әскери қызметшілер теңізге ығысып кетті. Жергілікті биліктің нақтыланған мәліметінше, суға 17 адам түскен: олардың 12-сі қаза тапты, 3 сарбаз құтқарылды,. 25 қыркүйек күні іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатқан тағы екі сарбаздың көз жұмғаны белгілі болды. 

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, үкіметтік комиссия құрылды. Төтенше жағдайдың егжей-тегжейлі мән-жайы анықталуда.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Войдите, чтобы оставить комментарий