Данияр Елеусінов тағы да дауға қалды: FlyArystan рейсі кешіктірілді

25.09.2026 • 21:46 Қарақат АСЫЛОВА
Данияр Елеусінов тағы да дауға қалды: FlyArystan рейсі кешіктірілді
370
Фото: Kozachkov offside арнасынан

Алматы әуежайында FlyArystan әуе компаниясының Астанаға бағыт алған рейсі жолаушының ұшудан бас тартуына байланысты кейінге шегерілді, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Kozachkov offside” Telegram арнасына сілтемемен.

Ақпаратқа сәйкес, жолаушы ұшақ көкке көтерілер алдында ұшудан бас тартып, әуе кемесінен өз еркімен шығып кеткен. Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, мұндай жағдайда ұшақтағы барлық жолаушыны түсіріп, әуе кемесіндегі багажды қайта тексеру қажет.

Осыған байланысты жолаушылар ұшақтан шығарылып, багажды қайта тексеру жұмыстары басталған. Соның салдарынан рейстің ұшу уақыты кейінге шегерілген.

Кейбір ақпарат бойынша, ұшудан бас тартқан жолаушы 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов болған.

Айта кетейік, бұған дейін спортшыға қатысты тағы бір жағдай қоғам назарын аударған еді. 2026 жылдың шілдесінде Астанада көлік жүргізіп келе жатып жол-көлік оқиғасына себеп болғаны хабарланған. Сот шешімімен ол көлік басқару құқығынан айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Войдите, чтобы оставить комментарий