Әкімдер үшін нысанды күтіп ұстаудан гөрі жаңасын сала салған тиімдірек

10.08.2026 11:09 Қарақат АСЫЛОВА
Әкімдер үшін нысанды күтіп ұстаудан гөрі жаңасын сала салған тиімдірек
69
ЖИ арқылы жасалған сурет

Қазақстанда жергілікті әкімдіктер жаңа нысандар салып есеп беруге бейім болғанымен, тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңарту мәселесіне келгенде айтарлықтай салғырттық танытып отыр, деп хабарлайды Politico.kz порталы POVestka телеграм арнасына сілтемемен.

Шілде айының 28 күні өткен Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның барысы талқыланып, Шымкент қаласы мен Алматы және Ұлытау облыстарының бекітілген жоспардан қалып келе жатқаны белгілі болды. Осы жиын барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыстың кешігуін конкурстық рәсімдер мен энергетикалық компаниялардың әрекетімен түсіндірмек болғанымен, Премьер-министр Олжас Бектенов өңір басшысының бұл уәжіне кесімді жауап берді.

«Сізді тыңдасақ, сізден басқа бәрі кінәлі», - деді Олжас Бектенов.

Жалпы көлемі 13 трлн теңгені құрайтын бұл ауқымды жоба аясында 2029 жылға дейін 84 мың шақырым желіні жаңартып, олардың тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету көзделген. Тек 2026 жылдың өзінде 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге 1,1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Бұл ретте жоба республикалық бюджеттен тікелей қаржыландырылмайды, оның орнына аймақтарға ұзақ мерзімді әрі арзан несие қаражатын пайдалану ұсынылған, алайда әкімдер бұл мүмкіндікті толыққанды пайдалануға асығар емес.

Келесі жылға дайындық жұмыстары өңірлер арасындағы белсенділік деңгейінің әртүрлі екенін айқын көрсетіп берді. Мәселен Абай облысы көш бастап, бірден 26 жоба ұсынса, Қостанай, Ақтөбе және Ұлытау облыстары небәрі 4,1-ден 11,7 млрд теңгеге дейінгі өтінімдермен рейтингтің соңында қалғандықтан, Үкімет әкімдіктерден 2027 жылға арналған жобаларды алдын ала дайындауды қатаң талап етті.

Сарапшылардың пікірінше өңірлік биліктің мұндай пассивтілігін тек құзыреттің жоқтығымен түсіндіруге болмайды, өйткені кейінгі жылдары елде жүйелі түрде фискалдық орталықсыздандыру жүргізіліп келеді. Нақтырақ айтқанда 2020 жылдан бастап 6 түрлі салық пен төлем, оның ішінде шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке беріліп, бұл шешім аймақтардың қазынасына қосымша 6,76 трлн теңге кіріс әкелген. Жергілікті бюджеттердің кірісі биыл 10,7 трлн теңгеге, ал 2028 жылға қарай 13,3 трлн теңгеге жетеді деп болжанып отыр, алайда осы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана республикалық бюджеттен бөлінген субвенция көлемі 3 трлн теңгені құраған.

Халықаралық Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметінше жаңа құрылысқа басымдық беру үрдісі капитал салымдарына бейімділік деп аталады. Әкімдіктер үшін жаңа нысанды есепке қосып, таспасын қию саяси тұрғыдан әлдеқайда оңай әрі тиімді болғанымен, оны күтіп ұстау мен жөндеуге кететін шығындар көбіне назардан тыс қалады.

Қазіргі таңда орталық билік аймақтарға табыс көздерін беріп, жаңа қаржылық құралдарды ұсынып жатқанымен, жергілікті басқару жүйесі аумақтарды ұзақ мерзімге дербес жоспарлаудың орнына қаржы бөлінген нысанды салып алып, жоғарыдан түсетін кезекті бұйрықты күтіп отыруды әлдеқайда қолайлы санайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий