«Алар белесі көп болсын»: Димаш Құдайберген стадион жинаған Sadraddin-нің анасына қоңырау шалды

06.10.2026 • 15:27 Мөлдір ҚАЙНАР
«Алар белесі көп болсын»: Димаш Құдайберген стадион жинаған Sadraddin-нің анасына қоңырау шалды
356
Фото: коллаж politico.kz

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Алматының Орталық стадионында екі күн қатарынан аншлагпен жеке концертін өткізген Sadraddin-ді жетістігімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі жас әншінің анасы Айгүл Есқараға арнайы телефон шалып, ақ тілегі мен ыстық ықыласын білдірген. Анасы әлеуметтік желідегі парақшасында Димашпен болған жылы әңгіменің жазбасын жариялады.

Әңгіме барысында Димаш кештің бейнежазбаларын көргенін және інісінің бұл табысына шын жүректен қуанып жатқанын жеткізді:

«Балаңыздың аяқ алысы құтты болсын! Концерттен үзінді видеоларды көрдім, керемет өтіпті. Бәріміз қуанып жатырмыз. Ініміздің алар белесі, жеңісі көп болсын!», – деді ол.

Сонымен қатар Димаш стадионда ұлының өнеріне сүйсініп тұрған ананың қуанышы өзіне ерекше әсер еткенін, бұл көрініс өз анасының концерттердегі тебіренісін көз алдына әкелгенін атап өтті:

«Сіздің қуанып, нұрланып тұрғаныңызды көріп, өз анамның концертімде қуанғанын көргендей әдемі күй кештім. Құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін! Елде болғанда міндетті түрде барып, қолдар едім. Sadraddin, Алла қаласа, халықаралық деңгейге көтеріліп, әлем бойынша стадиондар жинап, концерт беретін күндерге жетсін», – деп ақ батасын берді Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген қазіргі уақытта шетелде өтетін жеке концерттеріне қызу дайындық жүргізіп жатқандықтан, әріптесінің Алматыдағы кешіне жеке бара алмағанын түсіндірді.

Войдите, чтобы оставить комментарий