Бектенов әрбір теңгенің есебін сұрайтынын ескертті

25.08.2026 11:23 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Бектенов әрбір теңгенің есебін сұрайтынын ескертті
61
Фото: Үкімет

Қазақстан үкіметінің отырысында алдағы үш жылға арналған мемлекеттік бюджет пен экономикалық даму болжамы мақұлданды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиында премьер-министр Олжас Бектенов жұмсалған әрбір теңгенің қайтарымын арттырып, қаржылық тәртіпті қатаңдатуды басты міндет етіп қойды.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканы өсірудің жаңа бағыттарына тоқталды. Оның мәліметінше 2027-2029 жылдары елдің ішкі жалпы өнімі орта есеппен 5%-дан астам өседі. Нәтижесінде бұл көрсеткіш 245 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде. Өз кезегінде қаржы министрі Мәди Такиев келер жылға арналған республикалық бюджет шығысы 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланғанын мәлімдеді.

Отырысты ашқан премьер-министр бұл құжаттардың жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарауына ұсынылғанын еске салды.

«Жақында ұлттық экономиканы дамыту және бюджетті жоспарлау мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысының қарауына әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасы ұсынылды. Президент республикалық және жергілікті деңгейде бюджет теңгерімділігін қамтамасыз етіп, қаржыны сапалы жоспарлау мен тиімді бөлуді тапсырды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы экономикалық өсім мен қаржыны тиімді жұмсау президенттің тікелей бақылауында екенін қадап айтты. Жаңа бюджет жобасы халықты әлеуметтік қамтамасыз етуге және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Онда ішкі және сыртқы факторлар толық ескерілген.

«Экономикалық өсім бойынша  бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу  және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері  Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. 7 айда  экономиканың өсуі  4,1% болды. Жыл қорытындысы бойынша  Жалпы ішкі өнімнің  кемінде 5% өсімін қамтамасыз етуіміз қажет. Болжамда экономикадағы қазіргі жағдай,  дамудың сыртқы факторлары  және халықаралық қаржы ұйымдарының  әлемдік экономиканың өсуі мен  сыртқы нарықтардағы ахуалға қатысты бағалаулары ескерілген. Республикалық бюджет туралы заң жобасы  халықты әлеуметтік қамтамасыз ету  және экономикалық өсімді ынталандыру міндеттерін шешу кезінде  макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау қажеттілігін есепке ала отырып әзірленді», – деді үкімет басшысы.

Құжаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу белгіленді. Мемлекеттік ресурстар бірінші кезекте халық алдындағы міндеттемелерді орындауға және өңірлерді дамытуға жұмсалуы тиіс.

«Мемлекет басшысыНың тапсырмасына сәйкес, 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттің  негізгі басымдықтарының бірі – инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу. Барлық мемлекеттік органдарға  еліміздің белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне  қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеті – жұмсалған әрбір теңгеден түсетін табысты арттыру,  ресурстарды мемлекеттік міндеттемелерді орындауға,  экономиканы,  өңірлерді  және адам капиталын дамытуға бағыттай отырып,  қаржылық тәртіпті күшейту», – деп тапсырды премьер-министр.

Отырыс қорытындысы бойынша үкімет жаңа даму болжамы мен заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Олжас Бектенов мемлекеттік қаражатты барынша тиімді әрі уақтылы пайдалану өте маңызды екенін тағы бір мәрте ескертті.

«Бюджет қаражатын барынша тиімді  әрі уақтылы пайдалануды қамтамасыз ету,  ағымдағы шығыстардың ұлғаюына жол бермеу,  сондай-ақ шығыстарға қатаң бақылау орнату өте маңызды. Талқылауларды ескере отырып,  2027-2029 жылдарға арналған  әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдауды ұсынамын», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Енді қаржы және ұлттық экономика министрліктері үкімет аппаратымен бірлесіп бұл құжатты Құрылтайға енгізуі тиіс. Заң жобасы бойынша алдағы жұмысты үйлестіру премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.

Войдите, чтобы оставить комментарий