Әлем көшбасшылары Тоқаевты Құрылтай сайлауының өтуімен құттықтауда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шетел мемлекеттерінің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен елде тұңғыш рет өткен бірпалаталы Құрылтай сайлауына байланысты құттықтау жеделхаттары толассыз түсіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысына жылы лебізін білдіргендердің қатарында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Мухаммед бен Заид Аль Нахаян, Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, Мьянма Президенті Мин Аун Хлайн, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Бас хатшысы Қайрат Сарыбай бар.
Бұған дейін Түркіменстан Халқ Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Армения Премьер-министрі де Қасым-Жомарт Тоқаевты бірпалаталы Құрылтайға сайлаудың табысты өтуімен құттықтап, бұл оқиғаның Қазақстан үшін тарихи маңызы зор екенін ерекше атап өткен болатын.
Өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев егемен Қазақстан тарихындағы алғашқы бірпалаталы Құрылтай сайлауының сәтті өтуіне орай ақжарма тілектерін арнаған әріптестері – Ресей Президенті Владимир Путинге, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиевке, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға шынайы ризашылығын білдірді.
Соңғы жаңалықтар