Әлеуметтік желіде тараған жол апаты видеосына қатысты полиция түсініктеме берді
Әлеуметтік желіде қатты соққыдан қираған автокөліктер мен жерде жатқан полиция қызметкерлерінің бейнежазбасына қатысты полиция оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай 2 шілде күні орын алған.
"Түркістанда қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкері қаза тапты. 2 шілде күні Түркістан қаласында қызметтік міндетін атқару барысында Түркістан қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков қайғылы жағдайда қаза тапты", — деді полициядан редакциямызға.
Қайғылы жағдайға байланысты бүгін ішкі істер министрі Ержан Сәденов марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтқан еді.
"Яғни алдын ала түскен мәліметтерге сәйкес, патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып өз әрекетімен жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төндірген жеңіл автокөлік жүргізушісін тоқтатуға бағытталған болатын. Алайда Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында патрульдік полицияның “Chevrolet Cobalt” қызметтік автокөлігімен полиция қызметкері Бауыржан Қонысбеков жол-көлік оқиғасына ұшырады. Ол апат кезінде алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды", — дейді полиция.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтау үшін қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заңға сәйкес нақты шешім қабылданады.
"Полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков антқа адал болып, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Түркістан облысы Полиция департаменті және ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Бауыржан Қонысбековтің жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады", — деп жеткізді полициядан.
Соңғы жаңалықтар