Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: күдікті кінәсін толық мойындады
Бүгін Алматыда қоғам арасында резонанс тудырған жантүршігерлік жол апаты бойынша негізгі сот талқылауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты іс соттың негізгі қарауына өтті.
Сот отырысына онлайн қатысқан айыпталушы Александр Пак өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтты
Оған Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Аталған бап алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарып, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның қаза болуына әкеп соққан жағдайларды қамтиды.
Үш адамның өмірін қиған жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Қайғылы оқиға салдарынан Mercedes автокөлігінің жүргізушісі және 20 және 22 жастағы екі бойжеткен көз жұмды.
Ресми емес мәліметтерге сәйкес, апат кезінде Zeekr көлігі басқа автокөлікпен жылдамдық жарысына қатысқан болуы мүмкін.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мәліметіне сәйкес, Zeekr жүргізушісі Александр Пак жол-көлік оқиғасы болған сәтте жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған. 7 сәуір күні ол тергеу изоляторына жеткізілді.
Соңғы жаңалықтар