Әл-Фарабидегі апатқа қатысты іс қайта ашылды

13.07.2026 15:34 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әл-Фарабидегі апатқа қатысты іс қайта ашылды
252
Фото: әлеуметтік желі

Алматы прокуратурасы Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апатынан кейін басталған заңсыз мемлекеттік нөмір беру ісін қайта жандандырды. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады, деп жазады Politico.kz.

21 наурызға қараған түні болған апаттан соң полиция бірнеше қылмыстық іс қозғаған болатын. Оның бірі элиталық нөмірлерді заңсыз беру фактісіне қатысты басталды. Маусым айының басында қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты тергеу тоқтатылған еді. Алайда қалалық прокуратура іс материалдарын зерттеп, оны қосымша тергеуге қайтарды.

"Қалалық прокуратура қылмыстық іс материалдарын зерделеу қорытындысы бойынша оны қосымша тергеуге қайтарды, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді Алматы прокуратурасы.

Қазіргі таңда билікті асыра пайдалану ісі бойынша нақты күдікті жоқ. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 3 мың АЕК немесе шамамен 12,9 млн теңге айыппұл төлеуі, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегілуі немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тергеу барысында тыйым салынған сериядағы нөмірлердің қалай берілгені тексеріліп жатыр. Қазақстанда көлік нөмірлерінде қолдануға болмайтын 106 әріптік тіркес бар, олардың қатарында USA, KNB, MVD сияқты жазулар кездеседі. Сотта белгілі болғандай, апат түні жүргізуші Александр Пак Zeekr электромобилін 100 QR 02 деген жалған нөмірмен басқарған.

Үш адамның өмірін қиған оқиға жалпы бірнеше қылмыстық істің қозғалуына түрткі болды. Жүргізуші 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал оған қоса тағы екі тергеу басталған. Апаттан кейін қызметінен шеттетілген полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасарының жүргізушісі сол түні қызметтік көлікпен жасырын жүргені үшін айыпталып, іс Медеу аудандық сотына түсті. Сондай-ақ апат алдында жүргізушімен бірге демалып, кейін ішімдік ішкенін жоққа шығарған компанияға қатысты жалған жауап беру ісі де қаралған. Бұл тергеу қылмыс құрамының жоқтығынан тоқтатылды, бірақ оның заңдылығын прокуратура бағалайтын болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий