Әл-Фарабидегі жол апаты: сот отырысының қашан өтетіні белгілі болды

22.05.2026 12:44 Әсел Мұрат
Әл-Фарабидегі жол апаты: сот отырысының қашан өтетіні белгілі болды
198
Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонанс тудырған жол апаты бойынша қылмыстық іс сотқа түсті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов хабарлады. Адвокат мәліметтерді өзінің Instаgram-дағы парақшасында жариялады.

«Сотқа дейінгі тергеу аяқталды, ендігі кезек сотта. Ішкі істер министрі мен Президенттің тапсырмасы барынша қысқа мерзімде орындалды. Алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні сағат 15:00-де Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тағайындалды», – деп жазды адвокат.

Қалалық соттың баспасөз қызметі істің Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскенін растады. Алайда сот процесінің тыңдаушылар үшін ашық болатын-болмайтыны нақтыланбады.

Еске салайық, 21 наурыз түнгі сағат 03:30 шамасында, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жол апаты болды. Zeekr маркалы машинасы Mercedes көлігіне соғылып, үш адам да оқиға орнында көз жұмды. Ал апатқа кінәлі делінген Zeekr жүргізушісі ауыр жарақат алып ауруханаға түсті. Ол 7 сәуірде ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды.

Сонымен қатар полицияның әрекетсіздігі мен мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактілері бойынша бөлек істер қозғалып бірнеше жоғары лауазымды шенді қызметінен қуылды.

Жәбірленушілердің бірінің адвокаты Мейірман Шекеевтің айтуынша кәсіпкердің отбасы Шамалған ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Жолдаспековті ертіп барып марқұмның жақындарына ақша ұсынған. Ал осы жағдайдың ортасында апат жайлы деректерді айтып жүрген белгілі заңгер Әділетхан Молдахан басқа заңгерлермен біріккеннен кейін қамауға алынды.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий