Әлібек Қуантыров жаңа Экология министрі болып тағайындалды
Бүгін, 3 қыркүйекте Әлібек Қуантыров Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойғанын Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. Ол жаңа қызметіне байланысты бұрынғы лауазымынан босатылды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлібек Сакенұлы Қуантыров Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Бүгін үкіметтегі көптеген министр өз орнын сақтап қалған еді. Алайда экология ведомствосында кадрлық ауыс-түйіс болды. Бұл министрлікті 2023 жылғы 5 қыркүйектен бері Ерлан Нысанбаев басқарып келген болатын.
Жаңа басшының кандидатурасын алдымен Құрылтай қарады. Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің отырысында депутаттар оны қызметке бекітуге келісім берді. Мәселе тиісті Конституциялық заңның 30-бабы аясында талқыланып, оң қорытынды шығарылған.
Әлібек Қуантыров кім?
Әлібек Сәкенұлы 1983 жылы 14 қарашада Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында туған. Ол Томск мемлекеттік университетінде қаржы және лингвистика мамандықтары бойынша білім алған. Сонымен қатар «Болашақ» стипендиясымен Мичиган университетін тәмамдап, қолданбалы экономика магистрі атанды. Ол Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еңбек жолын 2005 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жетекші маман болып бастады. 2010 жылға дейін экономикалық ведомстволарда түрлі сарапшылық қызметтер атқарды. 2010-2013 жылдары Қаржы министрлігінде департамент директорының орынбасары болды.
2013 жылдың ақпан-маусым айларында Индустрия министрлігінің Геология комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Одан кейін 2019 жылға дейін Президент Әкімшілігінде бірнеше жауапты бөлімді басқарды. Ал 2019-2021 жылдары Тұңғыш Президент Кеңсесінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді.
2021 жылдың ақпанында ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды. Осы саладағы жұмысын жалғастырып, 2022 жылғы қаңтардан бастап 2024 жылға дейін Ұлттық экономика министрі лауазымында болды.
Министрлер кабинетінен кеткен соң, 2024 жылы «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры қызметін атқарды. Ал бүгінгі жаңа тағайындауға дейін, яғни 2024-2026 жылдары Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары болып еңбек етті.
Соңғы жаңалықтар