Әлішер Кәрімов «Халық әртісі» атағын қалай алғанын айтты

26.12.2025 16:26 Әсел Мұрат Әсел Мұрат
Әлішер Кәрімов «Халық әртісі» атағын қалай алғанын айтты
0
304
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Әлішер Кәрімов

Танымал әнші Әлішер Кәрімов «Халық әртісі» атағын қалай алғанын айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол бұл туралы «Kezdesu» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Айтуынша, бұл марапат туралы ол алдын ала мүлде хабарсыз болған.

Әншінің айтуынша, Мәдениет министрлігінен қоңырау шалып, Ақордаға марапаттау рәсіміне келуін сұраған. Алайда нақты қандай атақ немесе марапат берілетіні айтылмаған.

«Ақордаға бардық. Сонда байқадым, кейбір адамдарға медальді сол жағына, ал басқаларына оң жағына тағып жатыр. Түсінбей, қызметкерден «айырмашылығы бар ма?» деп сұрадым. Ол «әрине, бар. Сол жаққа орден алғандарға, ал оң жаққа атақ алғандарға тағады» деді. Сол кезде ғана ойландым. Қазақстанда екі-ақ атақ бар — «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» және «Халық әртісі». Еңбек сіңірген қайраткер атағым бар, демек, Халық әртісі болдым ғой деп сол сәтте бір-ақ білдім», — дейді әнші.

Әлішер Кәрімовтің айтуынша, мұндай марапаттар туралы алдын ала ескертілмейді. Себебі түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Ол бұл жүйенің бұрын да осылай жұмыс істегенін атап өтті.

«Алдында «Еңбек сіңірген қайраткерді» алғанда да айтылмаған. Себебі әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Әрине, қуандым. Бірінші кезекте әке-шешеме хабарластым. Атақты алған соң еш жерге сұхбат бермедім. Бергім келген жоқ», — дейді ол.

Сондай-ақ өнер иесі «Халық әртісі» атағын алғаннан кейін өзіне бағытталған хейтке қатысты да пікір білдірді.

«Әріптестерім менің өнерім туралы не ойлайды деген сұрақ менде ешқашан болған емес. Мен өнерімді әріптестерім үшін емес, тыңдармандарым үшін жасаймын. Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес екенін білдім, хейт болатынын да болжадым. Бірақ оған мән бермедім. Ең бастысы — мені тыңдайтын халқым бар. «Супер стар» жобасында да мені таңдаған қазылар емес, Қазақстан халқы», — деді Әлішер Кәрімов.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий